Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО-да тұрғындар кен орнына шағымданып отыр

  • AstanaTV
  • 14 қыркүйек 2018
  • 2805

Ал Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше ауыл жергілікті кен орнына шағымданып отыр. Жеті бірдей елді мекен тұрғындары өндіріс ошағынан жапа шеккенін айтады. Қиыршық тас таситын жүк көліктері жаңадан төселген жолды жылда тас-талқан етеді. Бұдан бөлек кеніште радиоактивті өнім шығарылады деп алаңдайы. Абзал Құрманкин тараптарды тындап қайтты.

"Өрнек" ауылының тұрғыны Қайыржан Сейітқұлов қалаға жиі қатынайды. Зейнеткер шұрық-тесік жолдардың кесірінен жылына бірнеше рет көлігін жөндейтін көрінеді. Жол жөнделгенмен, іргедегі кен орнының ауыр көліктері аз уақытта ойқы-шойқысын шығарады. 

Қайыржан Сейітқұлов, "Өрнек" ауылының тұрғыны:

Сол карьердің пайдасынан зияны көп бізге. 40 тонналық үлкен "Камаздар" жүріп, бүкіл жолымызды бүлдірді. Машинаның сайманына бүкіл пенсиям кетеді.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, былтыр жолды жергілікті билік жөндеп берген. Алайда оның қызығы небары 3 ай ғана жетті. Оған қоса, экологиялық зардаптары тағы бар дейді.

Виктор Скоробогатько, Ильинка ауылының тұрғыны:

Кеңес Одағында бұл карьер радиациялық болып саналды. Оны неге қайтадан ашқаны белгісіз. Одан шыққан шаң жан-жаққа ұшады. Соңғы жылдары бұл аймақта онкологиялық аурулардың саны өсті.

Бұқараның айтуынша, бар пәле мына карьерден шығып отыр. Кәсіпорын өндірген қиыршық тасты күнде 100-ге жуық жүк көлігі тасиды. Барлығы шамадан тыс артылған, дейді олар. Машиналардың шынайы салмағын білу үшін өндіріс ошағының өзіне келдік. Алайда, күзетшілер қақпаны құлттап, бізді ар жағына жіберер емес.

Жергілікті университет профессорлары ел-жұрттың радиация туралы тұжырымын растап отыр. Ғалымдар Қызылжар жерін 50 жылдан бері зерттеп келеді. Карьерден шыққан гранит тастар радиация бөлуі мүмкін,  дейді ол.

Наталья Белецкая, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:

Гранит - радиоактивті элементтерді сақтайтын материал. Оны жарған кезде ішінен радон шығады. Радон ауыр газ болып саналады. Улы газдың неге әкеліп соқтыратыны бәрімізге мәлім.

Екі жылдың ішінде асфальт жөндеуге 250 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Шенеуніктер жол сақшылары мен көлік инспекциясы мамандарын ертіп, көліктерді тексеріпті. Салмағы шамадан тыс 46 көлік ұсталды.

А.Құрманкин