Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда отбасылық дәрігер жұмысы жанданады

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2018
  • 3131

Енді Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары бірігіп, әрі бәсекелесіп жұмыс істейтін болады. Нәтижесінде халық сапалы емге қол жеткізіп, дәрігерлердің біліктілігі арта түседі. Бүгін Астанада «Primary healtn care» ұлттық қауымдастығының салтанатты ашылуы болды. Жаңа ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын жетілдіруге қатысты барлық мәселелерді шешуге ат салыспақ.

Елімізде 500-ден аса алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйым бар. Жыл басынан бері 9 млннан аса адам оның шарапатын көрген. Дегенмен көппрофильді бір дәрігерге бекітілген халықтың саны әлемдік тәжірбиедегі көрсеткіштен жоғары. Сондықтан алдағы уақытта елде тағы 1 жарым мың учаске ашылады. Медициналық ұйымдардың пайдасы - сала қағазбастылықтан құтылады. Ұлттық қауымдастық президенті шетелдік тәжірбиенің тиімділігі бұдан да көп дейді. Соның бірі - отбасылық дәрігер ісі.

Төлебай Рахыпбеков, «PRIMARY HEALTN CARE» ұлттық қауымдастығының президенті:

Ол неге керек? Мысалы, сіздің үйге терапевт келеді де, сізді қарайды. Балаңызды педиатр қарайды. Ал мына семейный врач келеді де, сіздің холодильнигіңізді ашады. Қандай тамақ ішіп жатырсыздар? Детсадтан мына бала қалай келеді? Бұл жерде қандай өмір сүріп жатыр? Соның денсаулығына қандай рисктер бар? Солармен жұмыс істеп, өте жақсы направлениеде келе жатыр.

«Primary healtn care» ұлттық қауымдастығының құрамында отандық медицина саласының майталмандары мен сырт елдердің сарапшылары бар. Бірлестік дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Назарбаев университетімен меморандумға қол қойған. Қауымдастық жеке кәсіпкерлермен және заңды тұлғалармен бірігіп жұмыс жасайды. Ел аймақтарында 16 бөлімшесі ашылған ассоциацияның алға қойған мақсаты -  алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің бәсекелестігін арттыру. Демек, білікті мамандар көбейеді, қызмет көрсету сапасы артады. Нәтижесінде ұлт саулығы жақсарады.

Төрегелді Шарманов, Ұлттық тағамтану академиясының президенті:

Осындай ассоциация баяғыда құрылуы керек еді. Бүгін құрылығанына да шүкіршілік жасап, оған сәттілік тілеуіміз керек. Өйткені халықтың күткені сол қазіргі заманда. Өйткені бұл мәселе деген жапа-тармағай әртүрлі ұғымдармен, әртүрлі түсініктермен қадірін түсінбей, жан-жаққа таратып жатқаннан кейін мәнін жоғалтып алатындай қауіп төнді. Сондықтан осы қауіптен құтылу үшін осы ассоциацияның құрылғаны, құдайға шүкір, жақсылықтың басталғаны деп есептеу керек.

«Primary healtn care» ұлттық қауымдастығы қазір алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету тақырыбы бойынша әлемдік конференцияға дайындалып жатыр. Қазан айында дүниежүзiлiк денсаулық сақтаудың iргетасын қалаған құжаттардың бiрi - Алматы декларациясының 40 жылдығына орай халықаралық конференция өтеді.

Ғалия МҰХАМБЕТҚЫЗЫ