Русский Сайттың толық нұсқасы

Арман Евнеев: Ет экспортына қатысты түйткіл бір аптаның ішінде шешіледі

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2018
  • 2500

"Түсініспеушілік болуы мүмкін". Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евнеев Ресейдің қазақстандық ет экспортын шектеуіне қатысты осылай деп жауап берді. Вице-министр түйткіл бір апта ішінде шешіледі деп отыр. Бұған дейін Россельхознадзор 1 қарашадан бастап Қазақстаннан келетін ет өнімдеріне тиым салынатынын хабарлады. Ал елде жыл басталғалы 7 мың тонна ет экспортталса, оның басым бөлігі Ресейге жөнелтіліпті.

Заңғар Санай тілші:

Бір ғана Қостанай облысы үш жүз тоннаға жуық етті сыртқа шығарыпты. Соның екі жүз тоннасы «Терра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі екен. Олар қазір 8 мың ірі қараны бордақылап отыр. Күзге дейін түліктің санын 20 мыңға жеткізбекші. Бұған дейін кәсіпорын Орынбор ет комбинатына 300 бас ірі қараны тірі салмақпен тапсырыпты. Кәсіпкер Россельхознадзордың мәліметінен соң тығырықтан шығар жол іздеп жатыр. 

Дәулет Ахметқалиев, «Терра» ЖШС бас директоры:

Мәліметке байланысты Орынбордағы ет комбинаты бізге малды қабылдамаймыз деп хабар берген. Ет сататын елдер іздейміз енді. Қытай елі немесе Өзбекстан. Бірақ бұлар бізден алыс. Тек Қазақстанның территориясынан ғана екі мың, екі жарым мың шақырым жүруіміз керек. Ондай алыс қашықтыққа малды апару көлік жағынан да қымбатқа түседі, малдың сапасы да төмендеп кетеді.

Қазақстандық етке тиым салынса, Қостанайдағы тағы бір кәсіпорын көршілес елдің нарығынан қол үзбек. Ет комбинаты ай сайын 100 тоннаға жуық жартылай фабрикаттар мен консервіленген ет жеткізуге алдын-ала келісім жасап қойғандарын айтты.

Григорий Пархоменко, «BEESTREAM» ЖШС бас директоры:

Сатып алушылар қол қойып, келісім жасап қойдық. Ай сайын Ресей нарығына 100 тоннаға жуық жартылай фабрикаттар мен консервіленген ет жеткізуіміз керек еді. Жоспарымыздың жүзеге асатынына сенеміз. Бұл түйткіл жуық арада шешіледі дегенге үміт артамыз.

Ресейдің федеральдық қызметінің дерегінше, Қазақстандық өнімнің шыққан жері анық жазылмайды. Олар осыны желеу етіп отыр. Дегенмен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Россельхознадзор жаңылысып кетуі мүмкін дейді. Мәселенің мәнісін білу үшін олар Мәскеуге мамандар жібермекші

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

Қазір жұмыс жүріп жатыр. Апта соңына дейін анығын білеміз. Бұл баспасөз жиынын ресейлік әріптестер де көріп отыр деп ойлаймын. Қандай да бір ақпарттарды алдын ала жариялағым келмейді. Өзара шешілсін.

Қостанай облыстық аумақтық ветеринарлық инспекция бастығының орынбасары Елубай Рахатовтың мәліметінше, жыл басынан бері 275 тонна етке 147 ветеринарлық сертификат берілген. Құжатта шикізаттың, яғни малдың қай жерден әкелінгені нақты көрсетілген. Сондықтан Россельхознадзордың шектеу енгізу туралы мәлімдемесі негізсіз дегенді айтады.