Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұнай маңы...

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2015
  • 1365

Келесі жылы мұнай саласында жұмыссыздар көбейеді. Энергетика министрі В.Школьник, мұнай баррелі 50 доллардан төмен болса, мұнай өндірушілердің 10 пайызға қысқаратыны туралы есепті жариялады. Біздегі мұнайшылардың санына шаққанда 7 мыңдай адам. Бұған мұнай саласында қосалқы жұмыс істейтін 40 мың адамның жұмыссыз қалатынын қосыңыз.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервисі компаниялары одағы төралқасының төрағасы:

Бұл қарқынмен кете берсек біз тек қана адамдарды жұмыссыз қалдырмаймыз, біз мұнай газ саласына қызмет көрсету саласын жоғалтамыз... Норвегтер қазір мұнай- газ саласына қызмет көрсетуді экспорттап отыр. Оларда өздерінің өндіріп отырған мұнайынан қызмет көрсету компанияларының әкеп отырған пайдасы екі есе артық.

Біз бұған дейін де мұнай-газ саласындағы қосалқы қызмет көрсететіндердің проблемаларын тарау-тарауға бөліп бергенбіз: 1 миллионға жуық адамның ас-суын айырып отырған сала болғасын. Онсыз да жаңа технологияларды жеткізумен негізінен шетелдік компаниялар айналысады. Жоғары технологиялық құрал-сайман орнатуды қоя тұрыңыз, одан басқа қызметтердің өзінен отандық компаниялар ығысып барады: Қытай компаниялары кіріп жатыр. Көп ретте демпинг жасайды, арзан баға ұсынады. Еліміздегі жер қойнауын пайдаланушы қытай компаниялары «маңына» өздерінің елінің қызмет көрсету компанияларын жинайды. Яғни қытай мұнай компанияларымен тығыз жұмыс істеу қиын. Ал Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттары енетін келесі жылдан бастап бәсеке тіпті артады. Қазақстандық компаниялар қалай шыдас береді, егер, даму болмаса?

 Айтпақшы, В.Школьниктің пайымынша, тығырықтан шығудың бір жолы - экспорттық баж салығын әлемдік мұнай бағасына байланысты түзеу керек.

 Егер олай істемесек, мұнай компаниялары да болмайды, салық та болмайды, жұмыс орындары да жабылады- деді ол. Қазіргі экспорттық баж салығы тоннасына 60 доллар.