Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жетімсіреген» жалғыз порт...

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2015
  • 2135

Қазір Ақтау теңіз портына барып, қазақтың теңіз компаниясының басшысымен сұхбаттасып қайтқан Айгүл Әдепбайдың материалы. Онда қазіргі уақыттағы ұлттық  компанияларға тән «тартымсыздықтың» бәрі бар –  тапсырыс жоқ, түсім жоқ, қысқарту және жекешелендіру. Жалпы, осы жолғы ауқымды жекешелендірудіңөткен аптада  сенатор Ләззат Қиынов айтқан 90-жылдардағы мүліктер «тиынға» сатылған алғашқы жекешелендіруді еске түсіретіні заңдылық. Бір мұнай компаниясы сол компания бір айда табатын ақшаға сатылып, сатып алғандар арада 4-5 жыл өткенде ол компанияны 4 миллиард долларға сатты- деп еді...

Маңғыстау түбегін зерттеген геологтардың алғашқы күрке қалашығы. Өткен ғасырдың 56-57 жылдары. Екі жылдан соң Ақтау теңіз портының құрылысы басталды. Ал мынау бүгінгі көрініс. Жүгін артып, тиеп, төңкерген танкерлер. Келіп-кетіп жатқан кемелер. Бір қарағанда өмір қайнап жатқан сияқты. Шындығында...

Шындығында, порттағы кейбір компаниялардың танкерлері тамыз айынан бері қаңтарылып тұр. Ал кейбірінің бірді, екілі кемелері аз-маз жүкті қанағат тұтып жүр. Себеп жалғыз – жұмыс  жоқ.

Марат Орманов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС бас директоры:

Жыл өткен сайын Ақтау теңіз порты арқылы өтетін мұнай құйылған жүктердің ауқымы төмендеп барады. 2008-2009 жылдары дүркіреп тұрған кезде, 10 млн тоннадан артық мұнай тасымалдайтынбыз. Қазір көлем азайды. Бұл біріншіден, маршруттарды қайта бағдарлаумен байланысты. Құбыр желілері кеңейтіліп жатыр. Теңіз-Новоросийск арасындағы Каспий құбыр желісі консорциумы, Атырау-Самара құбыры, Қытайға баратын құбыр желісінің құрылысы мен кеңейтілуі әсер етті.

Теңізшілердің басты «жауы», яғни басты бәсекелесі  осы құбыршылар. Теңіз мұнайы Ресейдің Новоросийск қаласына кетіп жатыр құбырмен. Қазақ-қытай құбыр желісі біздің мұнайды тікелей аспан асты еліне ағызып жатыр. Қара алтынды теңізге қарағанда, құбырмен тасымалдау әлдеқайда тиімді, арзан. 

Ақтау теңіз порты арқылы былтыр 6 млн тонна мұнай және мұнай өнімдері тасымалданған. Ал биылғы көрсеткіш әлдеқайда аз дейді мамандар. Қазақстандық мынадай бір танкер 100 мың тонна шикізатты алып өтеді. Олар негізінен Махачкала мен Бакуға барады. Отандық танкерлердің негізгі бәсекелестері де сол әзірбайжандық танкерлер.

Яғни өзімізге жетпей жатқан мұнайды тасымалдауға әзірбайжандық флот таласып отыр- дейді теңізшілер. Биыл тасымалданған көрсеткіш 3,5 млн тоннаға әупірімдеп жетпек. Ал порттың қуаттылығы 15 млн тонна. Яғни осынша көлемдегі шикізатты тасымалдай алады. Бірақ пардокс, таситын мұнай жоқ. «Қазақтеңізкөлікфлоты» қалыпты тірлік қылып, сауда флоты құрып кетпес үшін, теңіз арқылы жылына кемінде 4 млн тонна шикізат тасымалдануы керек дейді Марат Орманов.  

Марат Орманов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС бас директоры:

Мұнай теңгерімі бойынша былтырдан бері Ақтау порты нөлде тұр. Яғни тасымалданатын мұнай ауқымы бойынша көрсеткіш нөл. Соған қарамастан былтыр біз 6 млн тонна мұнай тауып, тасымалдап үлгердік. Ал биыл енді көрсеткіш 3,5 млн тонна болатын шығар.

«Қара алтынды» теңізбен тасымалдаушылардың тынысы Теңіз кен орнынан шыққан мұнай ауқымы Каспий арқылы өтпей қойғанда тарыла түсті. Басты тасымалдаушысы «Теңізшевройлдан» айырылған соң, Ақтау портының, оның ішінде халықаралық тасымалмен айналысатын «Қазақтеңізкөлікфлотының» жағдайы мәз емес.

Марат Орманов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС бас директоры: 

Теңізшевройл ауқымын біржола тоқтатты. Нөл. Яғни ТШО биыл шілде айынан бері теңізбен жүріп жатқан жоқ. Олар барлық көлемін Каспий құбыр желісіне қарай бұрды. Бүгінде теңізде ешкім қалған жоқ. Біз енді жеке компанияларды іздеп жатырмыз. Қазір Қаражамбас мұнайын айына 100-130 мың тонна өткізіп жатырмыз, Махачкалаға. «Маңғыстаумұнайгазды» теңіз арқылы өтуге көндіруге тырысып жатырмыз.

Теңізшевройл теңіз арқылы жүк тасымалын 2013 жылдан бері біртіндеп төмендете бастаған. «Қазақтеңізкөлікфлотфының» ақпаратына сүйенсек, Графика: 2013 жылдың қаңтарында ТШО Ақтау порт арқылы 448 мың тонна мұнай өткізген. Бір айдан соң ақпанда көрсеткіш 280 мың тоннаға дейін азайған. Ал наурыз-сәуір айларында порттан өткен шикізат көлемі 170-150 мың тоннаға дейін қысқарған. Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында жүкті темір жолмен алып өтудің бірыңғай тарифі енгізілгелі бері, мұнайды теңізге жеткізу қымбатқа түскен.

Дәуіржан Ауғамбай -  Қазақстан мұнай сервисі компаниялары одағының бас директоры:

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғандықтан, саясат бойынша тарифтер бірізділікке түсті. Салдарынан барлық көліктердің тарифтері бірыңғайланды. Оның шініде темір жол тарифтері де бар. Бұдан келіп жүкті теңіз портына теміржолмен жеткізу тиімсіз болып қалды. Сөйтіп Теңізшевройл болсын, CNPC Ақтөбемұнайгаз, Құмкөл мұнайы болсын оларға Ақтау портына келу шығын. Енді теңіз портының бұрыңғы ауқымы азайып қалғасын, шығындарын қысқартуға мәжбүр.

Қысқарған шығындар ішінде өкінішті әрине, бірақ жұмысшылар да бар. «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясы қызметкерлерін 20 пайызға азайтқан. Ақтау теңіз порты Қашаған кен орны іске қосылса, жандана түсер еді дегенді айтады флот бастығы. Бірақ Қашаған да сор болып қаңтарылып тұр. Ендігі бар үміт Иранда. Санкциялары алынып, біздің мұнайға тапсырыс бермесе, 2016 жылы бүгінгі күнімізге де жете алмай қалатын сияқтымыз.

Марат Орманов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС бас директоры: 

2016 жылы мұнай таситын компаниялар үшін өте қиын жыл болады. Тасымалдайтын шикізат 2 млн тонна да болмайды деп ойлаймын. Егер  Ираннан санкциялар алынып, бізге жаңа бағыт ашылмаса, қиын. Қаражамбас та, Маңғыстаумұнайгаз да Иранға қызығушылық танытады. Иранның мұнай өндірісі елінің оңтүстігінде орналасқандықтан, ал халқының көбі солтүстігінде шоғырланған, сондықтан оларға біздің мұнайды алу тиімдірек. Бір кездері олар мұнай өңдеу зауыттарын біздің шикізатқа ыңғайлаған еді. 

Мұнайшылар төртінші мұнай өңдеу зауытынан да дәмелі. Егер зауыт біздің өңірге салынса, бізде жұмыс болады, -  дейді «Қазақтеңізкөлікфлотының» директоры. Өз елінен нәпақа таппағасын, өзге елдердің теңіз айлағында тентіреп жүрген қазақтардың күйі дүниежүзілік сауда ұйымының ығына жығылғанда не болмақ. 

Дәуіржан Ауғамбай, Қазақстан мұнай сервисі компаниялары одағының бас директоры:

Дүниежүзілік сауда ұйымына толық енген кезде, бұл мәселе қиындай түседі. Көлік логистикасымен айналысатын жаңа халықаралық компаниялар келеді. Сондықтан осы саланы өлтіріп алмас үшін, теңіз портын сақтап қалу үшін шұғыл шара қолдану керек. Жүктердің бір бөлігі теңіз арқылы өтетіндей қылу керек. Жүкті цистерналар арқылы тасымалдап келген қызмет көрсету компанияларының вагон паркі үлкен. Егер олар тоқтап қалса, қысқарған жұмысшылар саны арта түседі.

Бір кездері жүк тасушылар теңізшілердің соңынан жүгірсе, енді теңізшілер мұнай тасымалдаушыларды іздеп шарқ ұрып жүр. Қазір «Қазақтеңізкөлікфлоты» түркімен мұнайын Бакуға жеткізіп, әупірімдеп жүр. Ол жақта төрт танкері тасымалмен айналысады. Соның бірі Алматы танкері. Әр танкердің салмағы 120 мың тонна. Бір кеткенде, бірнеше отбасының нанын іздеп кетеді. Негізгі бағыты Ресей мен Әзірбайжан. Бірақ кемеде тек қазақтар ғана емес, ресейліктер толып жүр. Шынтуайтында, бізде кеме басқаратын маман тапшы.

Узаир Мутуев, капитан:

Экипаж 16 адамнан тұрады. Қазақстан мен Ресей азаматтары. 9 адам Қазақстаннан, жетеуі Ресейден. Мен өзім Ресей азаматымын.

Марат Орманов порттың толыққанды жұмыс істеуіне бюрократиялық тосқауылдардың да аяққа оралғы екенін айтады. Жүгін өткізем деген кәсіпкер кемі 10 келісімшартқа қол қоюы керек. Қазақтар үшін құжат жинап терлегенше, Ресей порттары арқылы өтіп кеткен әлдеқайда оңай  көрінеді. Сол себепті олар «бір терезе» әдісін енгізуді ұсынады.

Марат Орманов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС бас директоры:

Бізде барьерден көп нәрсе жоқ. Теміржолмен бөлек, теңіз портымен бөлек, грузиямен бөлек келісу керек дегендей. Сондықтан жүк тасымалдаушыларға тартымды емес. Қазақстан теміржолының жанынан «бір терезе» әдісін жасауды ұсынамыз. Барлық шараларға бір келісім жетуі керек. Қазіргі дағдарыс кезінде бұл процесті осылайша жеңілдету керек.

Ақша жоқтықтан «Қазақтеңізкөлікфлоты» бірнеше ірі жобаларын қаңтарып қойған. Өзімізден қайран болмағасын сырттан инвестор іздеуге кірісті. Жартысынан көбі сатылғалы жатыр. Сонда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі «Қазақтеңізкөлікфлотының» «ұлттық» деген сипатынан айыралатын түрі бар.

Марат Орманов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС бас директоры:

Қазақтеңізкөлікфлотының» жартысын сату туралы шешім шықты. Бірінші сатысында 49 пайыз акциясы шығарылды. Бірақ тендерге қатысуға қызыққандар болмады. Сосын 51 пайыз акциясын шығардық. Бізге инвестиция құя алатын стратегиялық әріптес керек. Тоқтап қалған жобаларды қаржыландыру үшін. Енді 51 пайыз акцияны сатып алып, келгісі келетін компаниялар бар. Тендер ашық, келіссөздер жүріп жатыр. Еуропа қайта құру және даму банкі қызығушылық танытты. Еуропалық және Оңтүстік Шығыс Азия компаниялары да қызығып отыр. 49 пайыз акция «Қазмұнайгазда», яғни мемлекетте қалады.

Осылайша батысқа ма, шығысқа ма, әйтеуір алақан жайып отырмыз. Үйреншікті әдет. Бізді сатып алып, адам қылыңдаршы деуден басқа амал болмай тұр. Ал әзірге түркімен нарығы үшін қып-қызыл соғыс.

Марат Орманов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС бас директоры:

Мы за туркменский рынок воюем. Там не то что выгодно, тут объемов нету. Вынужены туда идти.

Марат Ормановтың айтуынша, жаймашуақ заманда порт табысының 90 пайызын мұнай тасымалынан тауып отырған. Тек 10 пайыз құрғақ жүк таситын кемелерден түскен. Енді қара алтынды бөшкелеп емес, қасықтап таситын қазіргі заманда порттың ахуалын бағамдай беріңіз. Қазақ флотының бастығы айтпақшы, амал нешік, баяу жүруге тура келеді.

Марат Орманов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС бас директоры:

Значит будем медленней ходить, против ветра как говорится.

Айгүл Әдепбай, Ерекбұлан Кенжеғұлов «Біздің уақыт» үшін арнайы Ақтаудан.