Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде бұдан былай тегін қосымша сабақтар болмайды

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2015
  • 975

Бұдан былай Өскеменде тегін қосымша сабақтар болмайды! Жергілікті билік оған қаражат жоқ деп отыр. Биылға оқу жылына бөлінген қаржының басым бөлігін мұғалімдердің еңбек ақысын көтеруге жоспарлапты. Ал қалғаны мектептерді жарақтандыру мен коммуналдық қызметтерге жұмсалмақ. Бұған ата-аналар бастауыш сынып оқушыларына қосымша сабақтар тоқтатылғанына наразы.

Өскемендік ата-аналар жаңа оқу жылынан бері қосымша сабақтың болмай жүргеніне көндіге алар емес. Сабақ біте салысымен, бірден балаларды мектептен алып кетуге көпшілігінің мүмкіндігі бола бермейтіндерін айтады. Жергілікті билік, қосымша сабақтарды тек бастауыш сыныпқа дайындайтын топтарда ғана қалдырыпты. Жалпы қала бойынша 59 топ қана қалған. Онда да ата-аналар "жұмыстан кеш босайтындарын" растайтын қызмет орнынан арнайы анықтаманы әкелсе ғана. 

Любовь Махортова, бірінші сынып оқушысының анасы:

Қазір балалардың әжелері мен аталарының басым бөлігі жұмыс істеп жатыр. Сондықтан балаларға бас-көз болатын адам жоқ. Кейбіреуі өз балаларын көршілерге тастап кетеді. Бірақ әрдайым олай ету де дұрыс емес. Енді бір амалын табу керек.

Жергілікті әкімдік ата-аналардың проблемаларынан хабардар. «Бірақ жағдайды өзгерістуге қаражат қолбайлау», - дейді. Биыл да білім саласының бюджеті былтырдағыдай 10 миллиард теңгенің шамасында. Ал бала саны 2 жарым мыңға артыпты. Сондықтан шенеуніктер, оқушыларды ақылы қосымша сабақтарға беруді ұсынып отыр.

Лидия Тимофеева, қалалық білім беру бөлімі жалпы және орта білім, мектепке дейінгі ұйымдар секторының меңгерушісі:

Былтыр бізде қосымша сабақтарға рұқсат беретін нормативті-құқықтық актілер болатын. Биыл бюджет қысқарып, ондай нәрсе жоқ. Сондықтан тым болмай бара жатса, ата-аналарға балаларын ақылы қосымша сабақтарға беру керек. Бұған заң тыйым салған жоқ. Сондықтан бұл амалды қарастыруға болатын сияқты.

Ата-аналардың айтуынша, ақылы қосымша сабақтардың бағасы шамамен 20 мың теңге. Мұндай қызметті кейбір отбасылардың қалтасы көтермейді. Енді олар қалалық мәслихатқа жүгінбек. 

Абзал ҚҰРМАНКИН