Қазақстанда орташа жалақы - 108
мың теңгеден асты. Ал еңбекке жарамды азаматтардың 95%-зы жұмыспен қамтылып
отыр. Бұл туралы бүгін алқа жиынында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Тамара Дүйсенова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрі:
Жұмыспен қамту
деңгейі өсті. Жалақы, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды арттыру бойынша да
жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Экономикалық қызметтің барлық түрлері тұрғысында
орташа айлық жалақы 108 мың теңгеден асып, 2012 жылғы деңгейден 7,5%-ға артты.
Еңбекпен қамтылғандар қатарында
жастардың үлесі жоғарылап келеді екен. Мәселен,
өткен жылмен салыстырғанда, жалдамалы жұмысшылар саны 165 мың адамға жеткен
немесе 2,5%-ға артып отыр. Бұл, әсіресе, өңдеу және қызмет көрсету
салаларына тікелей қатысты.
Сондай-ақ, министр соңғы 10 жылда бала туу көрсеткішінің 1,5 есеге өскенін атап өтті. Елімізде төрт миллионға жуық адам әлеуметтік төлем түрлерін
алады екен. Ал 2015-жылдың 1-шілдесінен бастап еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі
енгізілмек. Бұл медицина, білім және әлеуметтік қорғау салаларының
қызметкерлеріне қатысты. Министр азаматтық қызметшілер лауазымын 4 санатқа
бөлді: ол - басқарушылық, негізгі, әкімшілік-шаруашылық және техникалық қызметкерлер.
Сымбат МОЛДАТАЙ