Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО-дағы жаппай төбелес орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр

  • AstanaTV
  • 10 шілде 2015
  • 2015

Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кенішінде болған жаппай төбелеске, алдын ала мәлiмет бойынша, 145 адам қатысты. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде Премьер-министрдің орынбасары Бердiбек Сапарбаев мәлiмдеді. Ол жұмысшылардың денсаулығына төнген қауіп жоқтығын хабарлады.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Ол жерде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық iс қозғалды. Жедел тергеу амалдары жүргiзiлуде. Облыс әкiмi, прокурор, IIД бастығы оқиға орнында. Төбелес екi күн бұрын болды. Ол тұрмыстық қақтығыс. Алдын ала мәлiмет бойынша, 145 адам қатысты. Оның алпыс бесi ауруханаға жеткiзiлді. Бүгiнде Аягөз және Өскемен ауруханаларында 31 адам жатыр. Олардың денсаулығына еш қауiп жоқ. Соңғы нәтижелер тергеу аяқталғанда мәлiм болады.

Еске салайық, 8 шілдеде Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының жұмысшылары арасында жаппай төбелес орын алды. Белгілі болғандай, жаға жыртысуға түскі астың сапасы мен порцияның аздығы түрткі болыпты. Бұл ақпаратты Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі таратты. Бүгінгі баспасөз мәслихатында Бердібек Сапарбаев Батыс Қазақстан облысы Березовка ауылын жайлаған ауруға Қарашығанақ мұнай кенішінің қатысы жоқтығын атап өтті. Бірақ ауыл халқы аталмыш кеніш қаржысынан алдағы жылдың соңына дейін көшірілетінін хабарлады. Премьер-министрдің орынбасары Ақмола облысындағы Калачи және Красногорск ауылдарындағы «ұйқы ауруының»  да себебін жариялады. Жергілікті тұрғындардың мезгілсіз ұйықтап қалуына - ауыл маңындағы ескі уран шахталарынан шығып жатқан иісті газ себеп.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Бүгінгі таңда осы екі ауыл тұрғындарының ауруларының себебі анықталды. Біз екі ауылдың халқына толық медициналық тексеру жүргіздік. Радиация және экология, гигиеналық және профилактикалық аурулар институты мен ядролық физика институттарының мамандары жұмыс істеді. Олардың нәтижелерін Прага мен Мәскеуге жібердік. Ол жақ Калачидегі аурудың басты себебі тұншықтырғыш газ екені растады. Ол жерде бұрын уран шахталары болды. Бір кездері олар жабылып қалды. Бірақ тұншықтырғыш иісті газдар жиналған. Сол себепті таза ауа көрсеткіші төмендеп, «ұйқы ауруы» пайда болды. Екі ауылдың халқы толық көшіріледі. Республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ