Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстан облысында жазғы лагерде жүрген 60 бала уланып қалды

  • AstanaTV
  • 10 шілде 2015
  • 1245

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы «Серебряный бор» жазғы лагерінде 60 бала уланып қалды. Қазір олардың барлығы дерлік Петропавлдағы инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Аталған емдеу мекемесінің ақпаратына сай, лагерде бұл уақытта 156 жеткіншек демалған. Оның басым бөлігі - Көкшетау қаласынан келген. Оқушылар кеше кешкісін мазасызданып, жартысына жуығы төсек тартып қалған. Ал бүгін таң сәріден лагерде эпедимиолог мамандар мен прокурорлар тексеріс жұмыстарын жүргізуге кірісті.

Әзірге балалардың нақты неден уланғаны анықталған жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, диагноз тек 4-5 күннен кейін ғана белгілі болады. Айта кету керек, жазғы лагерде демалып жатқан қалған балалар үйлеріне әлі жіберілмеген.  Олар тексеріс жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана қайтарылады, - дейді прокуратура мамандары. 

Елена Каптяева, Петропавл қаласындағы №3 ауруханасы инфекциялық бөлімінің меңгерушісі:

Осыған дейін 51 баланы әкелді. Жаңа тағы тоғызын жеткізді. Сөйтіп, ауруханаға 60 бала түсті. Көбінің дене қызуы түсіп, жағдайлары оңалды. Қазір ақырындап тамақ іше бастады. Біз әрбір баланы жіті тексеріп, диагноздарын анықтаймыз. Олар әлі кемінде 5 күндей ауруханада жатады.

Гүлмира Бопанова, СҚО Қызылжар ауданы прокурорының аға көмекшісі:

Балалардың кейбірі аудандық ауруханаға, енді бірі қалаға жіберілді. Қазір бүкіл лагерді тексеріп, анализдерді жинап жүрміз. Әзірге қылмыстық іс қозғала ма, жоқ па - айту қиын. Себебі қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Абзал ҚҰРМАНКИН