Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев лаңкестікпен күрес үшін халықаралық желі құруды ұсынды

  • AstanaTV
  • 10 шілде 2015
  • 1448

Бүгін Башқұртстан астанасы Уфада БРИКС және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы самиттері жұмысын аяқтайды. Осы сағатта Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы соңғы отырыстары өтуде.

Бұған дейін кеңейтілген құрамдағы отырыста Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар  мәлімдемелер жасады. Мәселен, президент  Қазақстанның Украина дағдарысын реттеуге көмектесуге дайын екенін айтты.  Алдағы уақытта бұл проблеманы шешуге, тараптардың диалог орнатуына үлес қосуға дайынбыз деді. Сондай-ақ, президент Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан мен Пәкістанның қосылуын қолдады. «Бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін беймаза әрі жауапты кезеңде Шанхай ынтымақтастық ұйымы төзімділік пен өмірге қабілеттілік сынағын бастан кешіруде», - деді Назарбаев. Ал БРИКС ұйымына мүше елдер лидерлерінің кездесуінде сөз алған Елбасы,  БҰҰ қолдауымен лаңкестікпен күрес үшін, халықаралық желі құруды ұсынды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік ынтымақтастықты дамыту жайына да тоқталып, көлік-транзит кооперациясы аясын кеңейту қажеттілігін сөз етті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Жібек жолы» бағдарламасына қосымша ретінде біртұтас көлік-логистика кеңістігін дамыту мен жаңғырту бағытында белсенді шаралар қабылдануда. Орталық Азияны әлемдік коммуникация жүйесінің маңызды буынына айналдыру біздің елдің аумағында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралі учаскесін салуға мүмкіндік беріп отыр, оның 3000 шақырымының, сондай-ақ 1000 шақырымдық Қытай - Каспий теңізі - Парсы шығанағы темір жолының және 950 шақырымдық Қазақстан - Түрікменстан - Иран темір жол дәлізінің құрылысы аяқталуға таяу. Бұл көлік артериялары Азияны, Еуропаны, Кавказды және Таяу Шығыс елдерін өзара байланыстыратын болады. Сары теңіздегі Ляньюнган портында Қазақстанның терминалының ашылуын да маңызды жетістік деп санаймыз.  Оны іске қосу арқылы Азия - Тынық мұхит өңірі мен Қазақстан арасындағы жүк ағыны мөлшерін 80% ұлғайтуға қол жетті.

Сондай-ақ, Уфа сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаев, еуразиялық ықпалдастық үдерістеріне және көпжоспарлы Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға қосқан белсенді үлесі үшін, Александр Невский орденімен марапатталды. Орденді Ресей президенті Владимир Путин табыстап, Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей халқының және жеке өзінің құрметін жеткізді.

Айта кеткен жөн, аталмыш орденмен Ресей Федерациясымен арадағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан еңбегі үшін көрнекті шетелдік саяси және қоғам қайраткерлері марапатталады.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА