Русский Сайттың толық нұсқасы

Уфада БРИКС және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммиттерінің екінші жұмыс күні аяқталды

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2015
  • 2879

Башқұртстан астанасы Уфада БРИКС және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы самиттерінің екінші жұмыс күні аяқталды. Бүгін үлкен жиынға Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қосылды. Уфада Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка форматында БРИКС ұйымы саммитінің негізгі отырыстары аяқталды. Онда ұйымның әлемдік қауымдастықтағы рөлі мен жаһандық экономика ахуалы жөнінде сөз етілді. Мәселен, бестіктің ортақ даму банкі мен валюталық пул құру туралы шешім қабылдады.

Ұйым мүшелерінің сөзінше, БРИКС бірінші кезекті экономикалық институт ретінде құрылған. Жаңа ортақ банк атқарар шараларының алғашқысы ретінде Қырымға қаржылай көмек көрсету мәселесін көтеріп отыр. Саммит бағдарламасы бойынша БРИКС отырысына Нұрсұлтан Назарбаев та шақырылған қонақ ретінде қатысады деп күтілуде.

Бүгін қос саммит делегаттарының келуіне орай ресми қабылдау өтпек. Ал ертен ШЫҰ бойынша негізгі отырыстар өтеді. Уфа саммитінде ұйымның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму құжаты бекітілмек. Сондай-ақ жиында алтылыққа Үндістан мен Пәкістанның қосылу өтініштері қаралады. Жалпы саммит қорытындысы бойынша ұйым 14 шешім қабылдайды. Ал қос ұйым саммиті бойынша Уфа декларациясы бекітіледі деп жоспарлануда.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ