Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстан облысында 265 мың тонна мақта жинау жоспарда бар

  • AstanaTV
  • 05 қазан 2015
  • 1997

Оңтүстік Қазақстан облысында мақта теру науқаны қызып тұр. Дәл қазір межеленген ақ алтынның 54 пайызы жинап алынды. Айта кетейік, биыл күнгейдегі мақташылар 99 мың гектарға шит сепкен. Ақ алтынның биылғы бағасы мен мақтаның жайын әріптесім Айзада Төребекқызы бақылап көрді.

Ордабасылық Ыдырыс Бердіштің мақта жинауға кіріскеніне үшінші күн. Бес гектарға шит сепкен шаруа гектарынан 25 центнерден өнім алып жатыр. Өнімді жергілікті мақта қабылдау зауытына келісін 100 теңгеден өткізуде. Бұл былтырғымен салыстырғанда жоғары. Дегенмен гектарына 100 мың теңгедей шығын жұмсаған шаруа, бұл бағаның өзі аз, деп отыр.

Ыдырыс Бердіш, шаруа:

Доллар биыл шамалы көтерілгеннен кейін, мақта шетелге өткеннен кейін, мақтаның бағасы қымбаттау болуы керек, шамамен 120-дан. Ливерпуль бағасымен есептегенде, 120-дан болуы керек. Ол 100 теңге аздау болып жатыр. Егер 20 теңгеден қосса, шауалардың қалтасы шамалы томпаяр еді.

Төрткүл ауылындағы мақта зауыты 3 мың тоннаға жуық шикізат қабылдап үлгерген. Зауыт басшыларының айтуынша, ақшасын қолма-қол алып жатқандардан бөлек, бағаның өсуінен үміттеніп, асықпай отырғандар баршылық. Әйтсе де, мамандар, «мақта құнының өсетініне сенім аз», дейді.

Сәрсенбай Асанов, мақта зауытының директоры: 

Шаруалар тікелей биржаның бағасын біледі дағы, оның мына жақтағы өңдеуден өткеннен кейінгі шығындарын есептемейді ғой. Оның қанша тасымалы бар, қанша еңбек жұмсалатыны бар, қанша переработка  жұмсалады - оның бәрі шығын.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Шаруалардан қабылданған мақталар осы жерде зертханалық тексеруден өтеді. Ақ алтынның сұрыпы анықталады мұнда. Яғни ылғалдылығы, жиылған өнімнің тазалығына бірінші кезекте мән беріледі. Себебі қаражат мақтаның тек таза салмағына қарап төленеді.

Қазір мақташылар техниканың көмегіне көбірек жүгінуде. Өйткені жұмыс күші тапшы. «Мұның өзі мақтаның ылғалдылығына әсер етеді, соған қарамастан, сапасы жоғары», - дейді мамандар.

Шахноза Ташметова, зертхана меңгерушісі:

Бірінші кезекте біз түріне қараймыз. Шитін тексеріп көреміз. Білініп тұрады, мына жерде 7-8-9 шиті болады. Ол толық па, толық емес пе? Ішінде шиті толық болса, жақсы піскен мақта.

Мақта  зауыты шикізатты таза талшық етіп өңдейді. Тек  оны тереңдетіп өңдеуге білікті мамандар тапшы көрінеді. Дайын өнім Ресейге экспортталмақ. Өйткені көрші елден биыл сұраныс жоғары. Былтыр 5 мың тонна өнімді Шымкенттегі жіп иіру фабрикасына өткізген екен.

Сәрсенбай Асанов, мақта зауытының директоры:  

«Меланжға» берсек, біз НДС-тен ұтыламыз. Өйткені тауар өндіруші - өзіміз. Қабылдаушы да өзімізде, арада өзіндік құн салығы деген бар ғой, сол құн салығына біз күйеміз. Ал шетелге сататын болсақ, шаруадан сатып алғанда, бізде НДС болмаған, ол жақа да НДС-сіз сатылады. Сол жақ тиімді. 

Айта кетейік, биыл өңірде межеленген жоспар - 265 мың тоннаның үстінде. Аймақта мақталық алқаптың аумағы  қысқарғанымен, өнімділік жоғары болатынына, сала басшылары сенімді. Тек ауа-райы қарасса болғаны.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ