Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіне ресми сапары
жалғасуда. Мемлекет басшысы Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен
кездесті. Қазақ-Британ бизнес-форумының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне
арнап брифинг өткізді.
Сапар аясында Қазақстан
тарапына айрықша құрмет көрсетіліп отырғанын айтты. Біріккен Корольдік екіжақты
қарым-қатынастардың дамуы кезеңінде Қазақстанға 12 миллиард доллар инвестиция
салғанын атап өтті. Қазір елімізде британ капиталымен 500-ге тарта компания
жұмыс істейді. Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты келіссөздердің маңыздылығына
тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Қазіргі кездесуде жүргізілген
келіссөздерде екі арадағы қарым-қатынас, біздің өңірдегі ахуал саяси, жалпы
дүниедегі ахуал, мына өтіп жатқан дағдарыстың жағдайы, қашан оның болатыны, Украинаның мәселесі, Сирияның мәселесі. Барлық жағынан келістік. Екі елдің
арасындағы іс адамдары 5 миллиард доллардан артық контрактіге қол қойды. Бұкіл
Банк жүйесі бізді қолдайтын болды орталықты. Екіншіден, біздің ЭКСПО-ға
Ұлыбритания қатысатын болды.
Нұрсұлтан Назарбаев Астана
Лондон арасында қосымша әуе рейсін ашу туралы келісім жасалғанына назар
аударды. Екі елдің үкіметаралық комиссия отырысы қорытындысы бойынша 40 жобаны
жүзеге асыру келісіміне қол жеткізілді. Британ бизнесмендері Қазақстанның шикізаттық емес саласына,
аграрлық, медициналық препараттар, машина жасау, инфрақұрылымды жаңғыртуға
қаржы салуды жоспарлап отыр.
Берік ХАСЕНОВ