Футболдан чемпиондар лигасында
сынға түсіп жатқан «Астана» футбол командасы 1 ұпайды қанағат тұтты. Мадридтің
«Атлетико» клубын қабылдаған Стойлов шәкірттері 0-0 есебімен тең түсті.
«Астана Арена» стадионында
өткен ойын тартысқа толы болды. Екі команданың ойыншылары да есеп ашу үшін
аянып қалмады. Қателікке бой алдырмаған қақпашылар шабуылшылардың гол соғуына
мүмкіндік бермеді.
Станимир Стойлов, «Астана» футбол
клубының бас бапкері:
Менің ойымша, біздің
команда бүгін барын салды. Футболшылар жауапкершілікті жақсы түсінеді.
Қарсыласымыз мықты деп жасқанбай, екі тайм бойы аянбай тер төктік. Тең есеп - біз
үшін ғана емес, жалпы Қазақстан футболы үшін үлкен жетістік.
«Астана» клубы 2 ұпаймен «С» тобының көш
соңында қалды. Келесі кездесуін Станимир Стойлов шәкірттері 25 қарашада
Португалияның «Бенфика» клубына қарсы өткізеді. Еске салайық, Мадридте өткен
кездесуге қосалқы құраммен шыққан қазақстандық клуб 4-0 есебімен ойсырай ұтылған. Сол ойында Чемпиондар лигасынан гөрі ел біріншілігін жоғары қойған болгариялық маман:
"Бұл жолы біз Қазақстан футболының абыройы үшін ойнадық",- деді.
Самат
ҚАНАҒАТОВ