Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұротандықтар апта сайын арнайы брифинг өткізіп тұрады

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2015
  • 1159

«Нұр Отанның» орталық аппаратында баспасөз орталығы ашылды. Бұдан былай билік партиясының мүшелері, фракция депутаттары мен жергілікті жерлердегі лауазымды тұлғалар апта сайын брифингке қатысып, журналистердің сауалдарына жауап беретін болады.

Партияның баспасөз орталығы жаңа медиа-саясат шеңберінде жүзеге асып отыр. Ол партия мен ақпарат құралдары арасындағы өзара байланысты нығайтуды көздейді. Және сайлау алдында берілген уәделердің іске асуы жөнінде ақпар тарататын алаң болып қалыптаспақ. Қажет жағдайда партияның брифинг алаңына түйткілді мәселелер бойынша мемлекеттік орган жетекшілері шақырылып, пікірі тыңдалады. Айта кету керек, Президенттің Бес институционалды реформасында атап көрсетілгендей, партияға қалың жұртшылық алдында жариялылықты қамтамасыз ету жүктелген.

Берік Уәли, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі:

Апта сайын, әр аптаның сейсенбі және бейсебі күндері, партияның лауазымды тұлғалары, департамент басшылары және де фракцияның депуттатары өздеріңізбен тікелей кездесіп, сұхбат алуға мүмкіндік туады. Баспасөз орталығының ашылуының өзі де партияның халыққа жақындығын, ашықтығын білдірсе керек. Біз қашанда халықтан қашпаймыз, арыз-шағымын тыңдаймыз. Нақты мәселелердің шешілуіне ықпал етеміз.

Партия өкілдеріне жолданған алғашқы сауалдың бірі Тәуелсіздік күнін атап өтпей жатып, алаңдарға шырша орнату үрдісі жайында болды. Бүгінде жетекші партия барлық облыстардың Ішкі саясат басқармаларына осы мәселе бойынша ұсыныс-хат әзірлеп жатқан көрінеді. Онда алдымен Тәуелсіздік күнін өз деңгейінде атап өту керектігі айтылады. Мұны «Мирас» қоғамдық кеңесіндегілер де қолдап отыр.

Берік Уәли, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі:

«Нұр Отан» партиясы осы «Мирас» арқылы ықпал етуді қолға алып отыр. Сол себепті біз барлық Ішкі саясат басқармаларына, бұл идеологиялық мәселе болғандықтан, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әр өңірде өздерінің нақты қаперлеріне салғалы отырмыз. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ