Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысында кедендікі жүк тасымалдау бөлімінің бастығы пара алу кезінде ұсталды

  • AstanaTV
  • 07 ақпан 2014
  • 1288

Алтын көрсе періште жолдан таяды. Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстық кеден қызметкерлерінің «бармақ басты, көз қысты» әрекеті тыйылар емес. Пысықайлар жылы орынтағын босатпай-ақ пайдаға кенелудің жүйесін ойлап тауыпты. Контрабандалық тауар тасыған жүк көліктерін тексерместен өткізіп отырған. Ол үшін 20 мың теңгеден 3 мың ақш долларына дейінгі мөлшерде ақша талап етеді.


Вы подозреваетесь в получении взятки от гражданина К...


Бұл қаржы полицейлерінің құрығына түскен Қарасу кедендік бекетінің бастығы. Қалтасын қампайтып отырған шендінің бір емес, бірнеше рет заң бұзғаны айдан анық. Контрабандалық тауарды емін-еркін шекара арқылы өткізіп тұрғанын полицейдің өзі де амалсыз мойындады.


Мақсат Байдалиев, Жамбыл облысы бойынша Қаржы департаменті басқармасының бөлім бастығы:


Жамбыл облысы бойынша қаржы департаменті тарапынан жүргізілген жедел іс шаралары барысында 2013 жылдың қаңтар айында Қарасу кедендік бекеті жүк тасымалдау бөлімінің бастығы Сәрсенбаев Амантай деген азамат лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, пара алу кезінде ұсталған.


Аймақта соңғы уақытта дәл осындай қылмысқа ұқсас 5 факті анықталып отыр. Заңды белден басқан алаяқ кеденшілердің барлығы 3 жылға бас бостандықтарынан айырылып, жазасын өтеп жатыр. "Олардың мемлекетке келтірген зиян мөлшерін бүгінде дөп басып айту қиын", - дейді қаржы полициясының мамандары.


Қазақстанға заңсыз жолмен келген контрабандалық тауарлардың арасында әсіресе киім-кешек, темекі мен автокөліктер басым. Мәселен, өткен жылдың қараша айында Жамбыл облысының қаржы полициясы заңсыз саудаға түскен 2 миллион теңгенің темекі өнімдерін тәркіледі. Көршілес Шымкентте де пара алу фактілері тыйылмай отыр. Бірақ Жамбылдық әріптестерімен салыстырғанда, олардың талап ететін соммасы әлдеқайда аз. Жергілікті қаржы полициясының қызметкерлері кеденшіні 20 мың теңге пара алмақ болған кезде құрықтапты.


Білдей бір кеден бекеттері басшыларының осылайша бастары бәлеге қалып жатыр. Ақшаға құныққан олар шекара бекеттерінің есігін кім көрінгенге айқара ашуға дайын. Контрабандалық тауарлардың еш кедергісіз өткеніне қарағанда, есірткі заттарының да тасымалданып жатқанына шүбә жоқ. Айта өтейік, Ішкі істер министрлігі келтірген статистикалық мәліметтер бойынша, 2013 жылы тәркіленген есірткі заттар көлемі бірден 86%-ға өсіпті.


Ләйлә
ҚАЗИЯҚПАРОВА