Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде олимпиаданы үлкен экраннан тамашалайтын арнайы орындар жабдықталды

  • AstanaTV
  • 07 ақпан 2014
  • 1177

Сочиде өтіп жатқан ақ олимпиадада ел намысын қорғайтын спортшыларымызды қазақстандықтар барынша қолдап бағады. Мұның айқын дәлелін Өскемен халқы көрсетіп отыр. Шахарда олимпиаданы үлкен экраннан тамашалайтын арнайы орындар жабдықталды. Осы жерде мыңдаған халық жиналып, бір мезетте жерлестерімізге жанкүйер бола алады.


Лондон олимпиадасын мыңдаған өскемендіктер мен қала қонақтары көшеде орнатылған мынандай лед экрандардан тамашалаған болатын. Күннің аяз болуына байланысты Сочидегі ақ олимпиаданы далада көру мүмкін болмады. Сондықтан қалада арнайы олимпиаданы көруге мүмкіндік беретін екі жабық орын даярлануда.


Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын қазақ бұл күндері Сочиде өтіп жатқан дүбірлі додаға көз салып, құлақ түріп отыр. Халықтың тілегі, ниеті бір. Аламанға үкілеп қосқан спорт саңлақтарымыз елге алтыннан алқа тағынып, күміспен күптеліп қайтса дейді. Өскемендіктер олимпиадашыларға қолдау көрсету мақсатында арнайы жабдықталған үлкен экрандардың маңына жиналмақ. Қалада ондай орындар екеу. Жекпе жек сарайы мен, металлургтер мәдениет сарайына күн сайын бес мың жанкүйер жиылып, спортшыларымызға дем бермек.


Руслан Сейітқұжинов, Өскемен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:


Біз шамамен бір нысанда екі жарым мың көрермен болады деп болжап отырмыз. Жанкүйерлерге қызмет көрсету үшін асхана да әзірлеп қойдық. Экрандарды орнаттық. Көпшілікпен улап-шулап жанкүйер болған жақсы ғой.


Спортсүйер қауым да қарап қалған жоқ. Сочи олимпиадасының нышандары Өскеменге жете қоймаған. Әйтсе де жанкүйерлер Қазақстанның туын қолдарына алып, спортшыларға қолдау көрсетуге сақадай сай.


Әрине, біздің хоккейшілеріміздің олимпиада ойындарына жолдама алмағандары өкінішті. Дегенмен қалған спортшыларымызға тек жеңіс тілейміз.

Маған Алексей Полтаранин мына суретіне қол қойып берген болатын. Мен оның жанкүйерімін. Лешаға тек жеңіс тілеймін.

Спортшыларымыз елге тек алтынмен оралсын. Қазақстанның мәртебесін арттырсын.


Спортшыларымызға бізде жеңіс тілейміз. Айта кетейік Олимпиада ойындарының ресми ашылуы бүгін болғанымен, жарыстар күні кеше басталып кетті.


Қанат ОРАЛБЕК