Русский Сайттың толық нұсқасы

Жеңістің 70 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне орай Астанада әскери-техникалық шеру өтті

  • AstanaTV
  • 07 мамыр 2015
  • 1439

Жеңістің 70 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне орай Астанада Қарулы Күштеріміздің пәрменін паш еткен әскери-техникалық шеру өтті. Екі айға созылған дайындықтан соң, ауыр техниканың құлағында ойнаған сарбаздар Жоғары Бас қолбасшының алдында әскери әзірліктің жоғары үлгісін көрсетті. Қала қонақтары мен елдегі атқамінерлер тегіс Астана әуесіне көз тігіп, ұшқыштардың көктегі өнеріне тәнті болды. Жеңіс шеруіне бас-аяғы 5 мыңдай әскери қатысты. Жұрағат Баманның репортажы.

Жұрағат Баман, тілші:

Дәл қазір мен тұрған Қазақ елі алаңынан 200-ден астам бірлік әскери техника жүріп өтті. Ал аспанда 70-тен астам ұшақтар мен тікұшақ ұшты. Жалпы биылғы парадтың ерекшелігі - мұнда соғыс кезіндегі армия және қару-жарақтар көрсетілді. Сондай-ақ, ұшқыштар арнайы ардагерлерге арнап Жеңістің жетпіс жылдығы құрметіне аспанда жетпіс санын өрнектеді.

Салтанатты шеру Қазақстан Республикасының мемлекеттік туының, сондай-ақ осыдан 70 жыл бұрын отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның жауынгер досы Григорий Булатовтың Рейхстагқа тіккен туының көшірмесін алаңға шығару рәсімімен басталды. Ал шеруді армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің барабаншылар ротасы ашты. Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа парадқа дайындықты баяндады. Салтанатты сапты аралаған Бас қолбасшыны әскерилер ыстық ықыласпен қарсы алды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы:

Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы Ұлы Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 миллион 2 жүз мың жерлестеріміздің тең жартысы ерлікпенен майданда қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды. Соғыс жылдарында бүкіл халқымыз тыл жұмысында жұмылып, өз еңбегін жеңіске сіңірді. Әскерлеріміздің ерлігі мен аналарымыздың еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Біздің жеңістеріміздің тарихы - патриотизм, ел бірлігінің нағыз үлгісі. Біз Ұлы Жеңісті мәңгі ұлықтап өтетін боламыз.

Шеру барысында әскери ұшқыштар жеке және пилотажды топ құрамында жоғары пилотажды фигураларын орындап, өз шеберліктерін паш етті. Авиаторлар Жеңіс мерейтойын білдіретін 70 санын әуеде бейнелеп барша көрермендерге сый жасады.

Астанадағы салтанатты шеруге Қазақстанның әр аймағынан 17 майдангер шақыртылған. Олардың әрқайсысына арнайы мерекелік костюмдер де тігілген болатын.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданынан келген Әбу Полатбеков те әскери парадты тамашалау үшін шақырылған ардагерлердің қатарында. Қарт майдангер елге оралған соң еңбекке араласып, бейбіт күнде төрт ұл мен үш қызды өсіріп жеткізгенін айтады. Немере-шөберелердің арасында арқа-жарқа болып жүрген ақсақал, осының бәрі бейбітшілік пен тыныштықтың арқасы, - дейді.

Әбу Полатбеков, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Бүгінгі парад мынандай Қарулы Күштер соғыс кезінде болмаған. Үлкен әсер алдым. Өзім де қару ұстадым, мұндай техника кезінде жоқ болатын. Келешекте балаларға, ұрпақтарға соғыс болмасын. Болған жағдайда да мынандай қарумен, авиация, транспортпен бәрін жеңеміз.

Шеруде тарихи да техникалар көрсетілді. Алаңнан Т-34 танкі, Зил-157 сүйреткен ЗИС-2 зеңбіректері өтті. Ал және аты аңызға айналған «Катюша» мен танымал «Максим» пулеметтерін көрген жұртшылық тіпті керемет әсерде болды. Заманауи әскери техникалар да баршылық. БТР-82 бронетранспортерлері, «Тигр» броньды көліктері, «Кобра» атты жауынгерлік барлау көліктері және басқа да жаңа техникалар алаңмен жүріп өтті. Сондай-ақ шеруде отандық Evrocopter концернінің жаңа техникалары мен Airbus Military маркалы әскери ұшақтар көрсетілді. Парадқа жаңа жоғары маневрлі СУ-30СМ жойғыш ұшағы да қатысты.

Бейсенкүл Жақсылықова:

Құрметті қазақстандықтар! Мерекелеріңіз құтты болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Ер азаматтарымыз аман болсын. Барлығымыз мерекеден мерекеге аман-есен жете берейік.

Жалпы шеруге қатысу үшін еліміздің барлық әскери бөлімдері мен гарнизондарынан үздік әскери қызметшілер тартылған. Салтанатты сапта алаңнан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, Әскери-теңіз күштерінің офицерлерінен және әскери қызметші қыз-келіншектерден құралған рота парадтық топтары жүріп өтті. Елорданың бас алаңына жиналған жұртшылықтың да бұл күнгі көңіл-күйі көтеріңкі болды. Көптен күткен Жеңіс құрметіне арналған шеру осылайша бар сән салтанатымен өтті.

Жұрағат БАМАН