Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі Құрсай шағын ауданының тұрғындары құрттаған су ішуге мәжбүр

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2014
  • 1927

Шымкенттегі Құрсай шағын ауданының тұрғындары құрттаған су ішуге мәжбүр. Қаланың түбіндегі елді мекенде ауыз су тапшы. Мүмкіндігі бары тасып ішеді, өзгесі ақшасына сапасыз суды сатып ішуге мәжбүр. Құрсайлықтардың басындағы қиындықты Айзада Төребекқызы баяндайды.

Міне біздің ішіп отырған суымыз мынау, құрттап жатқан суды ішіп отырмыз.

Тұрғындар ішіп отырған су осы. Олар үшін таза ауыз су ішу - арман.

Нәзима Омарова:

Бұл суды құйдырып аламыз 4 мың теңгеден. Бір, екі, үш күн тұрғаннан кейін, осындай құрттар пайда болады. Біреудің жағдайы жетеді суға, біреудің жағдайы жетпейді. Балаларымыз бар. Барлығы ішек-құрт ауруларымен ауырып жатыр.

Халық суды мына көліктерден сатып алады. Оның өзін бір немесе екі аптада шақыртады. Көп балалы ана Ұлжан Әшірбекова тіршілік нәрін үнемдеуден шаршадық, сегіз жылдан бері көрген күніміз осы дейді.

Ұлжан Әшірбекова:

Жоғарыда отырған кісілерге қаншама арызданып жатырмыз, ешқандай бізге көмек көрсетіп жатқан жоқ. Амал жоқ, қайнатып-қайнатып осыны береміз.

Құрсайдағы ауыз су тақсіретін тартқан Жаңақұрылыс көшесі бұған дейін Сайрам ауданына қараған. Жаңа жылдан бері Шымкент қаласы аумағына қосылды. Дегенмен, қалаға сай тіршілік кешіп жатқан жоқ. Су жүйесі мұнда 2012 жылы тартылған. Алайда текке жатқан пластикалық құбырлардың пайдасын халық көре алмай отыр.

Серікбай Дүйсенов: 

Әкім уәде берді, бірақ құр уәде. Су жоқ сол күйі.

Аймақ басшысының бірінші орынбасарынан келген хатта «Құрсайдың ауыз су мәселесін шешуге 166 млн теңге бөлінді. «Бадам-Сайрам магистральді суағар құрылысы аяқталса, Шымкенттің Оңтүстік бөлігі сумен толық қамтылады» деп жауап беріліпті. Одан бері де жылға жуық өтті. Бірақ біткен іс жоқ. Осыған ашынған халық облыс әкімдігінің алдына келді.  

Таза судан тапшылық көрген құрсайлықтардың мәселесі шенеуніктердің назарында. Олар құбырға кімнің жауапты екенін анықтап жатқанын жеткізді.

Талғат Қасымбеков, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

Ол жерде су құбыры кезінде тартылған екен. Бірақ оны біз анықтап жатырмыз, бұл су құбыры кімнің есебінен тартылған. Ол құбырлардың жағдайы қандай? Себебі бұл толығымен аяқталған жоқ.

Ендігі үміт осыдан екі жыл бұрын тартылған құбырларда. Жарамсыз деп танылса, құрсайлықтардың тағы үш-төрт жыл шыдай тұруына тура келмек. Су жүйесін жаңалау жұмыстары қаланың алдағы бес жылдық даму жоспарына енгізілуі мүмкін.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ