Русский Сайттың толық нұсқасы

АШМ мал шаруашылығы департаментінің бұрынғы қызметкеріне үкім шықты

  • AstanaTV
  • 03 шілде 2014
  • 1359

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаментінің бұрынғы директоры Мақсұт Бақтыбаевқа қатысты аты шулы іске нүкте қойылды. Астана қаласы Алматы ауданының нөмірі екінші соты Бақтыбаевқа үш жыл жаза тағайындап, оны шартты деп таныды. Сөйтіп айыпталушыны сот залынан босатып жіберді. 

Әсем Рамазанова, Астана қаласы алматы аудандық № 2 сотының судьясы:

Бақтыбаев Максұт Бақытжанұлы кінәлі деп танылсын. ҚК-тің 307-бабы, 2-тармағы бойынша 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесілсін. ҚК-тің 63-бабына сай, белгіленген жаза 2 жылдық сынақ мерзімімен шартты деп танылсын. 

Сот үкімін естіген Мақсұттың туыстары эмоцияларын тежей алмай, ризашылық білдіріп жатты. Анасы жазықсыз балама бұл жаза да артық деп отыр. Мақсұттың өзі жағдайды толық түсінбей тұрғанын айтып, үкімді қайта қарауға шағым беру туралы бір шешімге келмегенін мәлімдеді. Аузы бір рет күйсе де, мемлекеттік қызметке қайта оралатын ойы бар. 

Мақсұт Бақтыбаев:

Әрине, мемлекеттік қызметке қайтып баруға тырысамын. Мал шаруашылығында 5 жыл істеп, талай жұмыс атқардық, оны тастап кете алмаймын. Бітпей қалған жұмыс көп. Соны жалғастырамыз. Жасақталған командам да бар.

Зәуре Омарова, Мақсұт Бақтыбаевтың анасы:

Көңіліңіз толды ма? -Толды. Но по сравнению с худшим вариантом, конечно, толды. Жазықсызды оп-оңай қаралауға болады. Ол өте тырысты. Мемлекеттік қызметке жанын салды. Демалыс күндері де түнгі 11-ге дейін беріліп істейтін.

Мақсұт Бақтыбаевтан Астанадан рұқсатсыз шықпау және мекен-жайын ауыстырмау туралы қолхат алынды. Ал ол пара ретінде алды деген 720 мың теңге мемлекет пайдасына жаратылады. Жарты жыл тергеу изоляторында отырып шыққан Мақсұт үйленетін жоспары барын да айтып қалды.

Естеріңізге сала кетейік, Мақсұт Бақтыбаевты қаржы полициясы өткен жылдың желтоқсанында ірі көлемдегі соманы алып тұрған жерінде тұтқындады. Алайда ол ақшаның пара екені дәлелін таппаған. Мақсұттың айтуынша, ол қаржыны ауыл шаруашылығы министрлігіне нормативтік құжаттарды әзірлеп бергені үшін қаламақы ретінде алған. Бұдан өзге экс-шенеунікке кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтірді, өзіне сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иемденді немесе талан-таражға салды, қызметін асыра пайдаланды деген айыптар тағылған еді. Ол тек соңғы айып бойынша кінәлі деп танылды. 

Айгүл АДЕПБАЙ