Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркиядағы әуежайларда қаңтарылған туристердің алғашқы легі елге жетті

  • AstanaTV
  • 03 шілде 2014
  • 1026

3 тәуліктен бері Қазақстанға қайта алмай Түркиядағы әуежайларда қаңтарылған туристердің алғашқы легі елге жетті. "СКАТ" әуе компаниясының ұшағы жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 02-30-да Бодрумнан Алматыға бет алған. Әуе кемесі бүгін таңғы сағат 10-дар шамасында әуежайға қонды.

Алматылық Александр Капцов - атышулы «Гүлнәр Тур» агенттігінен жолдама алғандардың бірі. Ол отбасы және достарымен бірге Бодрумнан 30 маусым күні ұшуға тиіс болатын. Дегенмен, ұшу уақыты әуелде бірнеше сағатқа шегерілген. Ал соңынан тиісті ұшақтың мүлде келмегені белгілі болады. Тасымалдаушылар орын алған мәселеге қатысты 3 тәулік бойы ләм-мим деп жауап қатпаған.

Александр Капцов:

Бірінші күні қонақ үйде болдық. Бірақ қонақ үй шығынын "Гүлнәр Тур" мойнына алған жоқ. Ал екінші тәулікті толығымен әуежайда өткіздік. Туристік компанияға қоңырау шалсақ, телефонды өшіріп тастап отырды. Әбден шаршадық, арамызда баламен жүргендер де бар. Әуежайда тамақты өз ақшамызға алып іштік. "Гүлнар Тур" шығынымызды өтеп беруден бас тартты.

Кеше вице-премьер Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен кеңес барысында жат елде қалған туристерге отандық әуе компаниясының ұшағын жіберу туралы шешім қабылданған. Осының арқасында 196 саяхатшы елге аман-есен оралды. "Скат" әуе компаниясы бұл рейсті алдын ала төлемсіз, «Гүлнәр Турдан» жазбаша кепілдеме алу негізінде орындады.

Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын туроператор мен әуе тасымалдаушы компания арасында түсініспеушілік орын алды. Салдарынан қазақстандық 303 турист Түркияда қалып қойды. Ал азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, «Гүлнәр тур»-дың Jet Airlines әуе компаниясының ұшағын пайдалануға рұқсаты тек 30 маусымға дейін ғана болған. Бірақ соған қарамастан туроператор шілде айының рейстеріне де билет сатуды жалғастырып келген сыңайлы.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ