Қазақстан
халқы бірлігі күні қарсаңында павлодарлық Ассамблея жаңа этномәдени
бірлестікпен толықты. Енді керекулік бұқара Шығыс Еуропа және Ресейдің
солтүстік аумағын мекен ететін фин-угор халқының болмысымен жақын танысуға
мүмкіндік алды.
Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін өңірде 23 этномәдени
бірлестік жұмыс істеген. Фин-угор мәдени бірлестігінің құрамында бес этностың
өкілі бар. Удмурттер, мордвиндер, марийлер, венгрлер және коми-пермяк
ұлты. Ұйым төрайымы Ольга Николашинаның айтуынша, жуырда бұлардың қатарына тағы
екі этнос: эстон және карел ұлтының өкілдері қосылмақ. Жалпы өңірде аталған
этникалық топтың 2 мыңдай өкілі тұрады. Олардың басым көпшілігі - мордвиндер мен
удмурдтер.
Бірлестіктің ашылуы, әсіресе
кейінгі буын үшін маңызды. Енді жастар туған тілін, төл салт-дәстүрі мен
әдет-ғұрпын жіті меңгеріп, жаңғыртуға мүмкіндік алмақ. Бұл ретте, қоғамдық ұйым
жетекшілері тарихи отандарымен тығыз байланыс орнату жұмысын бастағанын айтты.
Бүгінде олар Удмуртия Республикасындағы жоғарғы оқу орындарымен өзара
ынтымақтастық жөніндегі келісімге келген.
Ольга
Николашина,
Павлодардағы фин-угор ұлттық мәдени орталығының төрайымы:
Біздің
басты мақсатымыз - төл тілімізді меңгеру. Оны ұрпағымызға үйретіп, жеткізу. Сол
үшін тарихи Отанымызбен тығыз байланыс орнатып жатырмыз. Олардың қолдауымен павлодарлық
жаңғырту мектебінде удмурд тілінің сыныбын ашу
жоспарда бар. Бұл топта жастармен қатар, ересек адамдар да туған тілін
оқитын болады.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ