Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандықтар бірлік күнін тойлады

  • AstanaTV
  • 01 мамыр 2015
  • 1836

Ал Қарағандыда бірлік күніне орай 18 мыңға жуық адам арнайы ұйымдастырылған салтанатты шеруге шықты. Сондай-ақ, Оралда да түрлі үлт өкілдері бас қосып, ынтымақ күнін атап өтті. Өскемендегі береке-бірлік мерекесінде аспанға бейбітшілік белгісі - көгершіндер - ұшырылды.

Этномәдени орталықтар, жастар ұйымдарының өкілдері, қала тұрғындары орталық көшелерімен думандатып жүріп өтті. Мерекелік шеру Қарағандыда тұрып жатқан 100-ден астам ұлт өкілінің бірлігін дәріптеді. Орталық алаңда өткен шараны облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ашты.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Қазақстан шын мәнінде халықтар достығының жерұйығына айналды. Бүкіл әлем мемлекеттері оны мойындады. Ортақ игілігімізден айырылмауымыз керек.

Сондай-ақ, облыс әкімі ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтуға ат салысқан қоғамдық кеңес төрағалары мен бірқатар этномәдени орталық басшыларын «Бірлік» қоғамдық алтын медалімен марапаттады. Сондай-ақ, грек, украин, орыс, шешен ұлттық орталықтары «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық кеуде белгілерімен бірге 700 мың теңге көлеміндегі облыс әкімінің арнайы сыйлығына ие болды.

Бекзат Алтынбеков, Жезқазған қаласы қоғамдық келісім кеңесі төрағасы:

Бүгінгі мереке, татулық пен бірлік - біздің басты құндылығымыз. Басқа мемлекеттердегі жағдайды қайталамау үшін, осы бірлігімізді сақтауымыз қажет. Бұл ұлттар мен ұлыстар теңдігінің айғағы.

Мереке «Достық шаңырағы» ұлттық мәдени фестивалімен жалғасты. Айта кетейік, бірлік күнін кеншілер шаһары бірнеше күн тойламақ.

Оралдықтар да ел ынтымағын паш еткен ұлық мерекені думандата тойлады. Шаһардың орталық алаңымен түрлі ұлт өкілдері жүріп өтті. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 86 ұлт пен ұлыс мекендейді.

Ғайса Қапақов, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары:

Бүгін 36 мың халық, батыс қазақстандықтар, осында Достық даңғылына шығып, өзінің бірлікке беріктігін, болашаққа деген сенімін, Елбасымыздың бастап отырған бастамаларын қолдайтынын - соның бәрін білдірту үшін осы алаңға келіп отыр. 

Ал Өскеменде Қазақстан халқының бірлігі күні «Мен Қазақстан патриотымын» деген ұранмен өтті. Салтанатты шеруді облыстық байкерлер клубы ашты.

Шығыс Қазақстан облысындағы Достық үйіндегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының эмблемасы бейнеленген үлкен туды алаңға алып келді. Ал Ассамблеяның 20 жылдығы құрметіне әуеге ақ шарларды жіберіп, бейбітшілік құсы - көгершіндерді ұшырды. Елдің басын біріктірген салтанатты шеруге 20 мыңнан астам адам қатысты. Келгендер түрлі ұлттың тағамдары қойылған берекелі дастарханнан дәм татты.

Еркін КАРИН, Айжан ҚУАШ, Ирина ЯКУНИНА