Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне салтанатты түрде кірісті

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2015
  • 2212

Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қазақстан Президенті қызметіне салтанатты түрде кірісті. Ұлықтау рәсімі дәстүр бойынша Астана қаласының Тәуелсіздік сарайында өтті. Бұл жолғы салтанатты рәсім өзге мемлекеттер басшыларының қатысуынсыз. Мемлекет басшысы куәлігін алған сәттен Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс жоспарын жайып салды. Қазақстанның жаңа тарихи кезеңі жарияланған жиында тілшіміз Азамат Алдоңғаров болып қайтты.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Мемлекет басшысын бесінші мәрте ұлықтау рәсімі. 24 жыл ел басқарған президенттің бүгінгі салтанатты рәсімде жүрегі алғаш ел тізгінін алғандағыдай толқитыны анық. Халқының алдында ант қабылдап, көк байрақты сүйген соң, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның кезекті тарих кезеңінің шымылдығын түріп, өз мойнына кезекті аманаттың ауыр жүгін арқалағалы тұр.

Президент лауазымын салтанатты түрде қабылдаған Мемлекет басшысы сөзін халқының өзіне берген ақ батасына деген алғысынан бастады. Қызметіне кіріскен алғашқы сәттен болашаққа жоспары мен қалың ел - тұтас мемлекеттің алдында тұрған мақсаттарын тағы бір еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінгі мерейлі сәтте маған берілген сенім мандаты - мемлекетіміздің нығайту жолындағы қыруар істеріміздің бағасы. Қазақстанды ең қуатты елдердің қатарына қосуды көздейтін ұлы мақсатқа берілген халқымның ақ батасы. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан - 2050» стратегиясына, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен 5 халықтық реформаға елімнің білдірген қолдауы. Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ. Сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай да болмасын тәуекелге бармын.

Қазақстан басшысын ұлықтау рәсімінде биыл өзге мемлекет басшылары жоқ. Кезекті сенім мандатын тапсыру рәсімі - салтанат-қуаныш, мейман күту мерекесінен көрі, ел басындағы азаматтардың келелі кеңесіне көбірек ұқсады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін Қазақстан тарихының жаңа беті ашылды. Біз дамудың жаңа даңғылына тың қарқынмен аяқ басамыз. Бес халықтық реформаны табысты жүзеге асырып, болашағы біртұтас елге айналамыз.

Президенттің «бес халықтық реформасы» - сайлауалды бағдарлама ғана емес, ел дамуының жаңа кезеңінің басты құжаты. Жемқорлықтан ада, кәсіпқой, заңға бағынған, халқы біртұтас және индустриясы ілгері дамыған мемлекет құру - Нұрсұлтан Назарбаевтың билік пен халық алдында қойып отырған ұлы мұраты. Оны жүзеге асырудың жолын да Мемлекет басшысы өзі ұсынбақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жақын арада Президент жанында арнайы комиссия құрылады. Оның міндеті - 5 реформаны жүзеге асыру мен мемлекеттік органдар, бизнес-сектор және азаматтық қоғамның жұмысын реттеу. Комиссия құрамына қазақстандық мамандармен қатар халықаралық сарапшылар кіреді. Оның бірінші отырысында мен 5 реформаның мәнін түсіндірер ұлт жоспары мен мемлекет құрудың нақты 100 қадамы атты құжатты ұсынамын.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Кезекті постта Мемлекет басшысының да, халықтың алдында да үлкен жұмыс тұр. Президенттің 5 конституционалды реформасы, Елбасы айтқандай, ел үшін үлкен сын. Оның нәтижесі бойынша әлемдік саяси тарихта Қазақстанның, Қазақстанның тұңғыш басшысының бағасы берілмек. Ант беру рәсімінен соң қызу да жауапты мемлекеттік жұмыс қайта басталады. Тарих осылайша жазыла бермек.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ