Қазақстандық 300-ден астам турист Түркиядан елге қайта алмай отыр. Бүгін
Азаматтық авиация комитеті Бодрум және Анталия әуежайларында кідірген
қазақстандықтардың саны 303 адам екенін хабарлады. Отандастарымыздың елге
оралуы өзара дауласып жатқан «Гүлнәр-Тур» агенттігі мен отандық әуе
компанияларының ымыраға келуіне байланысты. Қаражатсыз бөтен елде қаңтарылған
қазақстандықтар көмек сұрап, ғаламторда бейне үндеу жариялады.
Мы оказались заложниками игр компании "Гулнар-Тур". Уже второй день мы ждем
вылета в Алматы.
Мы хотим кушать, мы домой хотим. Мы хотим домой!
Демалыс сапары саяхатшыларды сергелдеңге салды. Ақшасы таусылып жүйкесі
жұқарып, қарны ашқан бала-шағалы отбасылар Қазақстан билігінен көмек сұрауда.
Айтуларынша, барлығына туризмді ұйымдастырушы компания кінәлі. Мәселенің
мән-жайын білу үшін "Гүлнәр-Турдың" Алматыдағы кеңсесіне барған
журналистер аталмыш туристік агенттіктің есігін сипап қайтты. «Басшылар жоқ»
деген қарауыл «ертең келіңдер» деген уәжбен шығарып салуға асықты.
Әзірге туристік агенттік кезекті рет қайталанып отырған жайтқа қатысты
мәлімдеме жасамады. Алдын-ала ақпарат бойынша қазақстандық саяхатшыларды «Джет
эйрлайнс» әуе компаниясының ұшақтары елге тасымалдауы тиіс болған. Алайда
олардың бұл қызметіне еліміздің Азаматтық авияция комитеті тыйым салып отыр.
Серік Мұхтыбаев, ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
Жағдай "Джет эйрлайнс" компаниясына жолаушылар тасымалдауына рұқсат 30 маусымға дейін ғана берілгеніне байланысты болып отыр. Бұл туралы "Гүлнәр-Тур" хабардар. Шешімге сәйкес аталмыш әуе компаниясының ұшақтарына
чартерлік тасымалдау жасауға отызынан кейін тыйым салынған.
«Джет эйрлайнсқа» тасымал жасауға не себепті тыйым салынғаны да түсініксіз.
Есесіне авиация комитеті туристік агенттікке өзге отандық 2 әуе компаниясының
көмегіне жүгінуді ұсынып отыр. Алайда олармен қайта келісім жасалып, қызмет
түрі қайта төленуі қажет. Сондықтан турагенттіктің қосымша шығынға батқысы
келмегендігінен де, азаматтарымыз елге қайта алмауда.
«Гүлнәр-Турдың» тапсырысы бойынша «Скат» компаниясы Қостанайдан шығатын
ұшақпен Анталия және Бодрумнан жолаушыларды елге әкелуге дайын болды. Алайда белгісіз
себептермен бұл рейс тоқтатылды. Күні кеше «Скат» компаниясы ұшақты дайындап, 8
сағат бойында сақадай сай отырды. Бірақ "Гүлнар-Тур" тарапынан
тапсырыс ақыры нақтыланбады.
Енді туроператор, әуе компаниялары және азаматтық авиация комитеті өзара бір
тоқтамға келмейінше, азаматтарымыз Түркия әуежайларын мекендеуге мәжбүр.
Олардың елге қашан оралатыны белгісіз.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ