Алматы жаңа ауданмен толықты. 7 әкімшілік аймаққа бөлінген шаһардың
айналасындағы 6 мың гектар жер енді жеке аудан болып есептеледі. Бүгін мәслихат
отырысында депутаттар қала әкімінің ұсынысын бірауыздан қолдап дауыс берді.
Бұл туралы Ахметжан Есімов Алатау ауданының алты жылдығына орай өткен
салтанатты шарада ресми түрде мәлімдеді. Көктемде Алматыға іргелес бірнеше
ауылдық округ Президент Жарлығына сәйкес қала аумағына кірген болатын.
Енді
олардың басын біріктірген аудан Наурызбай батырдың есімімен аталады. Ауданның
жаңа әкімі болып қалалық жер қатынастары басқармасына жетекшілік еткен Қуаныш
Қашқынбаев тағайындалды. Аудан халқының саны 150 мыңнан асады. Аймақта
инфрақұрылымды дамытып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту үшін қала бюджетінен
3,3 млрд теңге қарастырылған.
Айта кетейік, қалаға жақын ауылдарды шаһар
құрамына беру туралы шешім екі жыл бұрын жиілеп кеткен ланкестік оқиғалардан
соң қабылданды.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
Мұның барлығы Алматы мен
оған іргелес жатқан аумақтардың түйткілді мәселесін шешуге бағытталып отыр.
Сондықтан, бүгін мәслихат шешімімен, менің ұсынысыма орай, жаңа 8-ші, яғни
Наурызбай ауданы құрылды.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ