Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда 90 пәтерлі үйдің тұрғындары баспананың бірде-бір жөндеу көрмегеніне ашулы

  • AstanaTV
  • 03 шілде 2014
  • 1447

Көркі кеткен көп қабатты үй! Таразда 90 пәтерлі үйдің тұрғындары баспананың бірде-бір рет жөндеу көрмегеніне ашулы. Айтуларынша, 5-ықшам аудандағы бес қабатты үйге 44 жылдан бері бір шеге қағылмаған. Шатыр тек қара қағазбен  қапталыпты. "Жаңбыр жауса, төбеден аққан су жертөлеге жетеді", - дейді тұрғындар. Ал пәтерлері шатыр суынан көгеріп кеткен. Мүңкіген иісі мұрынды жарады. Екінші, үшінші қабаттағы баспаналардың да қабырғасы қарайып, жапсырмалары түсіп қалған. Ал жертөледегі  қуат көздері қауіпсіздік талаптарынан жұрдай. Ашық-шашық қалған электр сымдары ойын баласы үшін қауіпті. Жергілікті биліктен көмек сұрап шаршаған тұрғындар бүгін шу шығарды.

Баян Құдайбергенова:

Ремонт жасаймын, ақшаның бәрі далаға кетеді. Егер крышаны жаппаса, онда ол жылда қайталана береді. Сосын адамның денсаулығына да бұл зиян ғой. Ылғал үнемі. Бұдан адам ауырады.

Назия Преснякова:

Бұл үй 1970 жылдары салынған. 8-ші және 9-шы ықшам аудандардағы үйлер 1990 жылы салынған. Сонда да оларды жаңартып жатыр. Ал біздің үйді жөндеуге ешкім құлықсыз.

Халық тиісті орындарға талай рет арызданғанымен, "қаржы жоқ" деген жалғыз жауап естіген. Бұл жолы «Тұрғын үй жөндеу Тараз» серіктестігінің басшысы келді. Тозған үйге толықтай жөндеу жасауға қажет ақша әзір қолда жоқ деді. Жалпы жоспарға сәйкес, қала бойынша, Үкіметтен бөлінген 500 миллион теңгеге биыл 23 үй жөнделеді. Ол тізімге 5-ші ықшам аудандағы 5-ші үй кірмей қалыпты.

Асан Досыбаев, «Тұрғын үй жөндеу Тараз» ЖШС директоры:

Сіздер құжаттар, сметаны алып, қайтадан көрсетіп жасатыңыздар. Бүкіл күрделі жөндеу жүргізгенге. Қайтадан жасатып әкеліңіздер, өйткені кейін үлгермейсіздер. Биыл тағы жөнделмейді. 28 миллион теңге керек.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ