Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақтың тұңғыш дирижері Шамғон Қажығалиев өмірден өтті

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2015
  • 8077

Қазақтың алғашқы кәсіби дирижері, КСРО Халық әртісі Шамғон Қажығалиев 88 жасында өмірден өтті. Шамғон Сағаддинұлы ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің, Қазақ симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі, әрі бас дирижері болды. Әсіресе, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрімен бірге көптеген шетелдерде болып, қазақ өнерін дүние жүзіне танытты. Оркестр репертуарын халық күйшілерінің, қазақ композиторларының шығармаларымен ғана емес, әлемдік классика туындыларымен толықтырып, ұлттық музыканы дамытуға зор үлес қосты. Өмірінің соңғы жылдары Алматы қаласында тұрған ол ауыр науқастан айыға алмаған. Шамғон  Қажығалиевтің қайтыс болуына байланысты, Ел Президенті марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

«Шамғон Сағаддинұлы халқымыздың арасынан шыққан алғашқы кәсіби дирижерлердің бірі, домбырашы, педагог ретінде өнеріміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Өзі басқарған Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрін әлемге танытып, талантты шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиеледі. Ол ұлттық бай мұрамыз бен классикалық шығармаларды насихаттауға аса зор еңбек сіңірді», - делінген жеделхатта.

Тоғжан ОСПАНБАЕВА