Алматыда Таугүл-1
ықшамауданындағы балабақша ауласында 5 жасар бүлдіршінді көлігімен қағып
өлтірген 46 жастағы әйел «жол қозғалысы ережесін бұзу" бабы бойынша
уақытша тергеу изоляторына қамалды. Бұл ақпарат қалалық Ішкі істер
департаментінің ресми сайтында жарияланды. Бала өліміне әкеп соққан жол-көлік
оқиғасының жай-жапсарын оқиға орнынан оралған тілшіміз тарқатады.
Оқыс оқиға №58 балабақшаның ойын
алаңқайында орын алды. Куәгерлердің айтуынша, түскі сағат он екі шамасында
қара түсті шетелдік көлік мына шарбақты жапырып өтіп, балалар алаңына басып
енген. Салдарынан алаңқайда ойнап отырған 26 баланың біреуі сол жерде жан
тапсырды. Қалған сегізі ауыр жарақатпен ауруханаға жөнелтілді. Қайтыс болған 5
жасар қызды салмағы 3 тонналық көліктің астынан суырып шығарып алған Ерболат
Бақкелдиев әлі есін жия алмай отыр.
Ерболат Бақкелдиев:
3-4 бала болды, біреуін насмерть басқан.
Алдында бір бала, артында бір бала. Екеуін де жабылып, шығарып алдық. Не
болды ол әйел адамға соншалықты? Мына жас баладан әлі жүрегім ауырып отыр.
Жылағым келіп отыр.
Гуля Алдабергенова:
Магазинде тұр едім, тарс ете
түсті. Садик опырылып түсті екен деп, қарасам, елдің бәрі машина құлады деп
жатыр екен. Жүгіріп барсақ, бір бала жатыр.
Суық хабарды естіп жанын
шүберекке түйген ата-аналар балабақшадан бүлдіршіндерін әкетіп жатты. Ал,
тұрғындар балабақша шарбағының дұрыс қоршалмағанын айтады.
Сәуле Асфендиярова:
Мына жерде площадкаа жоқ. Біз
жүретін жер болмай қалады. Машина бірінің үстіне бірін қояды. Развязка трех
дорог дейді ғой, жан - жақтан машиналар келеді, қарасаңыз. Мына забордың ар
жағына бір темір қойса, дөңгелекті ұстап қалар еді.
Ауыр жарақаттанған тағы екі бала
аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы
басшысының орынбасары Бағдагүл Әбдірәсілованің айтуынша, олардың бас сүйегі
қатты зақымданған. Ал, қалған алты бүлдіршіннің жағдайы дәрігерлердің жіті
бақылауында.
Бағдагүл Әбдірәсілова, Алматы
қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Балалар қазіргі таңда аналарымен
бірге осы клиникада ем қабылдап жатыр. Және ата-аналарымен психологтар жұмыс
істеуде. Әлі де жұмыс жалғасады. Қажет болса, басқа ем шараны қолданамыз. Қажетті
консилиум шақырылады. Бүгінгі таңда операция жасауға қажеттілік жоқ.
Кей деректер бойынша, жүргізуші
тежегіштің орнына газды басқанын айтыпты. Қазір оған қатысты іс қозғалды.
Әзірге оның уақытша ұстау изоляторына тоғытылғаны белгілі.
Айгүл ЕРМАХАН