Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайдағы қазақ-түрік лицейінің шәкірттері тағы тамақтан уланды

  • AstanaTV
  • 20 мамыр 2015
  • 2014

Қостанайдағы қазақ-түрік лицейінің шәкірттері тағы да тамақтан уланды. Бұл жолы 9 оқушы астан ұшынып, ауруханаға түсті. Бұл ақпаратты лицей директоры растады.

Ержан Мырзабаев, Қостанай қазақ-түрік лицейінің директоры:

Кейбіреуінің басы ауырып жатыр, кейбіреуінің тамағы, кейбіреуінің мұрыны, кейбіреуінің іші ауырып жатыр. Сол шағымданған оқушыларды біз тәртіп бойынша олардың ата-анасымен хабарласып, ата-анасы оларды алып кетті және де жергілікті өзінің емханасына тексеріліп, нақты не болып жатқанын айқындайды.

Лицей шәкірттері кеше кешкісін өздерін жайсыз сезініп, денсаулықтарына шағымдана бастаған. Дегенмен, аталған білім ордасында сабақ кесте бойынша жалғасып жатыр. Мектеп асханасы да жабылған жоқ. Бірақ эпидемиологтар тексеру шараларына қайта кіріскен көрінеді.

Еске сала кетейік, соңғы жарты жылдың ішінде аталған білім ордасында мұндай жағдай үшінші рет қайталанып отыр. Өткен жылдың желтоқсанында мектепте түскі ас ішкен оқушылардың 37-сі дәрігер көмегіне жүгінген болатын. Ол кезде лицей асханасынан стафилококк бактериясы табылған еді.

Заңғар САНАЙ