Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда баспанасыз қалған тұрғындар мектептерден шығарылады

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2015
  • 1108

Нөсер жауын салдарынан баспаналары суда қалып, өздері қаладағы 27-ші мектепке орналастырылған атыраулықтар екі күннен соң бұл жерді де босататын болды. Бұл туралы мектеп директоры Ару Қосымбаева хабарлады. Бұл білім ордасына төтенше жағдай орын алған күні 33 отбасы орналастырылды. Қазір мұнда 16 отбасы қалған. Өзге тұрғындарға жұмыспен қамтып отырған мекемелері үй жалдап беріпті. Мектеп басшысы білім ордасының жоспарлы жұмыстары бар екенін алға тартып,  білім ордасының спорт залын паналаған тұрғындарды шығаруға мәжбүр екендерін айтты. Ал баспанасыз жұрт бұдан басқа баратын жеріміз жоқ,- дейді.

Ару Қосымбаева, Атырау қалалық №27 орта мектеп директоры:

Мектеп жанынан лагеріміз бар жазғы, сол лагерь 1 маусымда басталады, соған дейін босатып, ішін дайындауымыз керек мектептің. Соған байланысты қалалық әкімшілік қалған адамдарды орналастыру мақсатында осы мәселені шешіп жатыр. Бір-екі күнде осы кісілер бұл жерді босатады.

Жұмагүл Көпбергенова:

Баратын жеріміз жоқ, біздің қазір баратын жеріміз болса, отырмаймыз ғой масаға таланып. Балаларымыз жөтеледі, кішкентай 5 айлық немерем бар. Білмейміз, қайда жібереді, сонда барамыз. Себебі мына балаларды апаратын жерім жоқ. Шыны  керек.

11 мамырдағы нөсер жаңбырдың салдарымен күрес қазір жалғасуда. Түрғын үйлер мен көшелер жиналған жауын судан әлі толықтай тазартылған жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің соңғы мәліметі бойынша, су басқан 1056 үйдің иелерінен арыз түскен. Олардың 256-сынан су сорылған. Қалада атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап жүрген облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев тұрғындарды мектептен әзір қозғамаймыз деп басу айтты. Комиссия қорытындысы келер аптаның ортасында шығады деп күтіліп отыр.

Сәлімжан Нақпаев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:

Біз мектепте жатқан отбасылардың мәселесін шешкенше, олар сонда болады. Үйлерді аралап шықтық. Енді ары қарай техникалық жұмыстар, яғни эксперттер үйді жөндеуге кететін шығынын есептеп шығарады. Келесі апталарда бітіреміз оның барлығын. Тезі бітіруіміз керек. 

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ