Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде құрылатын муниципалдық полиция қандай болмақ?

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2015
  • 1580

Жергілікті билікке тікелей бағынатын муниципалды полицияны құру мәселесі Павлодарда қызу талқылануда. Бірегей құрылымның қалыптасуына қатысты қоғамдық пікір екіге жарылған. Дегенмен, сарапшылар бұл салада реформаның қажет екенін мойындайды. Олардың ойынша, жаңа жүйе жергілікті биліктің жауапкершілігін арттырады. Әсіресе, қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол-патрульдік қызметіндегі кем-кетікті жоюға өз үлесін қоспақ. Тақырыпты Әсемгүл Мұхитқызы зерттеп көрді.

Тәжірибелі адвокат Александр Борман муниципалды полицияның жасақталуына қарсы. Айтуынша, қазіргі құрылым - уақыт сынағынан өткен, жан-жақты тексерілген жүйе. Тек, заман талабына сай жетілдіруді қажет етеді. Жаңашылдық - жағымды ұғым. Дегенмен, әр бастаманың қандай нәтижемен аяқталарын ешкім нақты білмейді. Сондықтан бұл істе асықпаған жөн,- деп санайды заңгер.

Александр Борман, заңгер:

Меніңше, бұл жерде жергілікті биліктің басымдығы байқалатын болады. Сондықтан да мұндай органдарға жоғары жақтан басқару қажет. Барлық ішкі мәселелер жергілікті жерлерде шешілгені жөн. 

Александр Борманның айтуынша, өткен ғасырдың соңында Қазақстанда мұндай тәжірибе болған. Полиция аумақтық және қаржылық деп бөлінді. Бірақ екі құрылым ымыраласып жұмыс істеудің орнына, бір-біріне кедергі келтіріп, ақыры тарап тынды, -дейді. Есесіне, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқазы Жанғазақов муниципалдық полицияның құрылуын қолдайды. Айтуынша, жаңа жоба  жол-патрульдік қызметті, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауап беруі тиіс. Осылайша саладағы жұмыс ашық әрі жариялы болмақ. 

Мұратқазы Жанғазақов, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты:

Дәл қазіргі уақытта өте қажет құрылым деп санаймын. Президенттің ұсынысының жаны бар. Полиция жергілікті биліктің бақылауында болса, бұл жағдайға тек қана ішкі істер министрлігі емес, жергілікті әкімдік те жауап береді.

Қоғамдық тәртіпті сақтау ісінде сақшыларға еріктілер көмек көрсетіп келеді. Жалпы облыста 6 мыңға жуық азамат қоғамдық көмекші ретінде тіркелген.

Бибол Жұманов, Павлодар облыстық ІІД әкімшілік полициясының инспекторы:

Бүгінгі таңда олар қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне өз үлестерін қосуда. Кешкі уақытта учаске полициясымен әкімшілік аумақты барлауға шығады. Ал түрлі мәдени-халықтық шаралар кезінде тәртіп сақшыларымен жұмыла жұмыс істейді. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жыл басынан бері қоғамдық көмекшілердің қатысуымен түрлі деңгейдегі 15 қылмыстың беті ашылып, 200 адам құрықталған. Құқық қорғау органдары еріктілердің жұмысын жоғары бағалауда. Әсіресе, қоғамдық тәртіпті сақтауда олардың еңбегі зор. Сондықтан болашақта құрылатын муниципалдық полиция да қарапайым халықтың қауіпсіздігі үшін аса жауапты болады деген сенімдеміз.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ