Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында тасқыннан зардап шеккендерге тұрмыстық тауарлар жеңілдікпен сатылды

  • AstanaTV
  • 18 мамыр 2015
  • 688

Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккендерге тұрмыстық тауарлар жеңілдікпен сатылуда. Алғашқы жәрмеңке демалыс күндері Мұстафин кентінде өтті.

Бұл ауыл - өңірдегі топан судан ең қатты зардап шеккен елді мекен. Мұнда жеті жүзден астам баспананы су басып, адамдардың дүние-мүліктері істен шыққан еді. Олар тұрмыстық техниканы, жиһаз бен құрылыс материалдарын, сондай-ақ тоқыма бұйымдарын 10-нан 50 пайызға дейінгі жеңілдікпен сатып алды. Арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеде оларға осындай мүмкіндік жасалды. Адамдар әсіресе линолеум, тоңазытқыш, теледидар секілді ең қажетті дүниелерді көптеп сатып алды.

Бір қуанарлығы, цемент тұрғындарға тегін берілді. Ауыл халқының кейбірі қалаған заттарын банктер арқылы несиеге алды. Игі шараға бас-аяғы 16 кәсіпкер ат салысқан. Мұндай жәрмеңкелер Қарағанды облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен тасқыннан зардап шеккен өзге де елді мекендерде өткізілмек.

Әліп Әкімұлы, Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны:

Үйіміздің бүлініп кеткен заттарын алып жатырмыз. Кір жуғыш машина алдық. Бағасы төмендетілген, арзан. Ризамыз.

Қазір аймақта тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төлеу аяқталды. Сарапшылар халыққа келген шығын көлемін 500 млн теңгеге бағалаған. Бұл сома облыс әкімдігі қорынан бөлінді. Жапа шеккендердің 60 пайызы Бұқар жырау ауданынан. Еске салсақ, Қарағанды облысында наурыздың аяғында басталған топан су екі аптаның ішінде 51 елді мекенге басып кіріп, 2 мыңнан астам үй судың ортасында қалған болатын. Оның 4 жүзінің апатты екені анықталды.  

Айжан ҚУАШ