Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына тұрғындардың сенімі артып келеді

  • AstanaTV
  • 10 желтоқсан 2015
  • 1353

«Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы тұрғындардың арыз-шағымын кешеден бастап әлеуметтік желілердің мессенджерлері арқылы қабылдай бастады. Бұл қадамға партия аймақтағы жұртшылықтың қандай мәселелерді толғандыратынын кеңінен зерделеу үшін жасаған. Тілшіміз тарқатады.

Қаланың қақ ортасындағы Кенен Әзірбаев көшесі тұрғындары жылдар бойы асфальт жолға зар боп келді. Жаңбырлы күндері батпақтан көз ашпай, балалар сабақтан қалып, тіпті жедел жәрдем де келмейтін болған. Шенеуніктер болса, жолға тым жақын орналасқан жоғары вольтты электр бағандары алынбайынша, жол болмайтынын кесіп айтыпты. Мәселе тек тамыз айында ғана партияның көмегімен шешілген.

Рая Бегешева, Атырау қаласының тұрғыны:

Көшеміз мынау қазір керемет. «Нұр Отанға» мың да бір рахмет. Осылай бізге көмектесіп, жәрдемдесіп, арызымызды далаға қалдырмай. Көршілер болып жазып, хабарласқанымызда, көшемізді осылай жақсы қып салып берді.

Партия бұл көшенің ғана емес, тұтас ауылдың да шағымының шешілуіне ықпал етті. Қала іргесіндегі Құрсай ауылы тұрғындары өздерінен шығатын №5 бағыттағы автобустың орталықтағы ең ірі сауда орталығына аялдауын өтінген. Партия құзырлы органдармен ақылдасып, бұл мәселе де оңай шешілді. Бұдан бөлек, партия ықпалымен биыл 11 жас дәрігер қоныс тойын тойлаған. Солардың бірі - Зергүл  Есенғалиева.

Зергүл Есенғалиева, Атырау қалалық №2 емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері:

Әкімге хат жазған кезде, әкім: «Тек пәтер кезегімен алынады»,- деп хабар берді. Содан кейін «Нұр Отан» партиясына арыз жазып, «Нұр Отан» партиясы комиссияға алып, шешім қабылдап, осындай үйге ие болып отырмын. Өте қуаныштымыз.

Жалпы «Нұр Отан» партиясының жанындағы қоғамдық қабылдауға түскен арыз-шағым биыл бес есеге артқан. Халық көбіне тұрғын үй, жер бөлу, жұмысқа орналастыру бойынша шағымданады.

Ерболат Бектеміров, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Биылғы жылдың 11 айында 4700 арыз-шағым түскен. Осының бүгінгі күні 40 пайызын шештік. Қалғанына біз түсінік бердік. 7 желтоқсаннан бастап, біз жедел желіге қосылдық.

«Нұр Отан» партиясының мүшелері сондай-ақ жергілікті атқарушы орган жетекшілерінің тұрғындардың қабылдауын уақытында өткізуін де қадағалайды.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ