Русский Сайттың толық нұсқасы

Жекешелендіру «тараулары»...

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2015
  • 1598

Қазіргі уақытта «жекешелендіру», «сату»ауыздан түспейтін сөздер болайын деп тұр. «Неге?» «кімге?» «қаншаға?» деген сауалдардың жауаптары анық  емес, кейде тіпті жоқ. Әйтсе де біз «контур картаны бояуды» ұнатамыз... Сонымен, үкімет мұнай өңдеу зауыттарын бірден сатуды – олар қарайтын «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» компаниясын жекешелендіруге тұтасымен қоюды немесе зауыттарды бөлек-бөлек сатуды жоспарлап отыр.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы:

«ҚазМұнайГаз – өңдеу және марекетинг» компаниясының да бақылау пакетін сатуды жоспарлап отырмыз. Бірнеше вариант бар: 51 пайызын бірден сату, немесе мұнай өңдеу зауыттарын бөлек-бөлек сату. Немесе потенциалды әрптестермен акциялар пакетін алмасу варианты да бар. Жанар-жағар май құятын станцияларына келсек, оларды да жекешелендіруді ұсынамыз. 

Ұлттық компанияда оларды ұстап отыратын «қаржы жоқ» деген аргумент «басты аргумент» дейік. Жекешелендірілсе, ылғи сезілетін өңделген мұнай тапшылығы тіпті артып кетпей ме? Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев, «2018 жылдан бастап  ішкі нарықты жанар-жағар маймен толық қамтимыз»,- дейді.

Ерболат Досаев, ҚР ұлттық экономика министрі:

2017 жылдың соңына дейін қазақстандық  мұнай өңдеу зауыттарын қайта жөндеу және жаңалау жұмыстары аяқталады. 2018 жылдан бастап ішкі нарықты отандық мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз ете бастаймыз. 

Ал мұнай өңдеу зауыттары сатылып кетсе, оларды модернизациялауға ақшаны әрі қарай кім салады? Сатып алушылар қалай міндеттеледі?  Әрине, бұл сұрақты жауабы жоқ, «ойластырмаған» сияқты.

Енді мұнай өңдеу зауыттарын кімдер сатып алуы мүмкін дегенге келсек. Сарапшылардың Қытай мен Ресейді нұсқауы айтпаса да, түсінікті. Қытайлардың еліміздегі позициясы  шикі мұнай бойынша ғана мықты емес, олардың CNPC корпорациясы Шымкенттегі мұнай айыру зауытының 50 пайызға жуығына ие.Сондықтан Шымкенттегі зауытты сатып алуға бірінші кезекте қытайлар ұмтылмақ. «Капитал.кз» -те жарияланған материалда кейбір сарапшы «Қытайда капитал жетеді, екіншіден олар мұнай өндіретін жетекші елдердің бәрінде дерлік бар және жүрген жерлерінде тереңірек тамырлауға аса мүдделі»,- деген. Ал Ресей мұнайы елімізде бұрыннан өңделеді. Көлемі әжептәуір. Сондықтан бір сарапшылар орыстардың кеңес заманында Батыс Сібір мұнайына бағытталып салынған Павлодар мұнай-химия зауытына қызығуы мүмкін екенін айтқан. Ал Атырау зауыты шикізат көздеріне жақын орналасқанымен, өңдеу тереңдігі төмен болғандықтан, инвесторлардан қомақты қаржы салуды талап етеді.

 Дағдарысқа қарсы үкімет жоспары бекітілген кезде Қашағанда келесі жылдың соңында коммерциялық өндіру басталатыны да айтылды.

Ерболат Досаев, ҚР ұлттық экономика министрі:

2016 жылдың желтоқсанында Қашаған кенішінде коммерциялық өндіру басталады деп  жоспарланып отыр.

Алайда мұнай баррелінің осы аптада  40 доллардан да түсіп кеткені шикізат көздерінің бағасы көтерілсе де, «алтын дәуірдің» қайта орнамайтынына дәлел. Slon Magazine порталы ОПЕК-тің өткен аптадағы отырысында мұнай өндіруге квотаны азайтпағандарына тоқталып, нарықта ұсыныстың сұраныстан кәдімгідей көп екенін жазды – тәулігіне 0,5 – тен 2 млн. баррельге дейін. Баға сондықтан 2009 жылғы дағдарыс кезіндегідей түсіп кетті. Осы мақалада GoldmanSachs банкінің қабақ түйгізетін сценарий беріп отырғаны баяндалған. Аталған банктің сарапшысы Джефф Карри -мұнай баррелі 20 долларға дейін арзандауы 50 пайызға дейін мүмкін-, деген.  Британдық брокерлік компания  Marex Spectron–нің болжамы 30–35 доллар.

Алайда оптимистік болжамдар бар:  JPMorgan келесі жылы мұнайдың орташа бағамы $54,75 құрайды деп болжайды.

Ал дәл қазір мұнай бағасы табанға жақындап қалды.Осы аптада WTI маркасінің баррелі  36,55 долларға түсті, Brent  39,51 долларға.

Жағдайдың өрбу бағытын үкімет білетін сияқты:

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Егер Brent баррелі 30 долларға түсіп кетсе,валюта нарығында жағдай қалай өрбиді, Ресей нарығы не болады, жалпы макроэкономикалық ахуал қалай болады? Біздің бюджетке оның әсері қандай болмақ?Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрілігіне Ұлттық банкпен бірігіп, алдағы жағдайды ескеріп, жаңа жоспар құру тапсырылды.

Қарапайым жұмысшыға кезекті жоспардан не пайда, мұнай бағасының құлдырауынан қаншама адам жұмыссыз қалатынын бірнеше рет айттық, тағы айтамыз – жаңа мысалдармен:

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

Мұнай саласында қызмет көрсетуші компанияларда жұмысшылардың жаппай қысқару қаупі басым. Қызылорда облысында мұнай-газ саласындағы сервистік компанияларда  29 мың адам жұмыс істейді.Отбасы коэффициенті бойынша 5-ке көбейтсек, бұл мәселе 145 мың адамның тағдырына қатысты.Келесі жылы мұнай бағасы төмен болып тұра берсе, мұнай-газ саласы маңындағы сервистік компанияларда 70 пайызға дейін қысқарту жүруі мүмкін. Сондықтан қысқартылған уақыт бойынша жалақыны уақытша субсидиялау туралы ұсыныс дұрыс. Ондай қолдау жұмысшылары 250-ден асатын өндіріс ошақтарына да көрсетілсе екен. 

Бақтықожа  Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

Атырау облысында 35 кәсіпорында 606 адам жұмыстан қысқартылған. Алдағы қысқартуларға келсек, ол мұнай бағасына байланысты. Дәл қазір қаншаға төмендейтінін болжау қиын. Менің айтатыным, «Мұнайдың қара шаңырағы» - Ембімұнайгаздың құрал-саймандары ескірген. Онда мұнай баррелінің өзіндік құны 20 долларға дейін барады. Ал мысалы, Сауд Арабиясында 5 доллар. Осы арифметикаға қарасақ, мұнайдың бағасы тым құлдыраса, қиын болмақ. Бірінші кезекті сервистік компанияларға. Маман ретінде тағы айтарым, шек - мұнай баррелінің бағасы 35 долларды құрауы. Жағдай осы шекке дейін тым нашарлап кетпес. Одан түссе, проблема.

Ал Миллиардер Александр Машкевич металлургия саласындағылардың да  жағдайы қиын екенін айтты. «Астана» арнасына берген интервьюінде тау-кен кәсіпорындарының күні тіптен мүшкіл, алдағы жылы  бұдан да ауыр сынақтар күтіп тұр,- деді.

Александр Машкевич, ERG  директорлар кеңесінің төрағасы:

Келесі жылы ауырлау болады. Жағдай бұдан да қиындай түседі. Мұнай арзандай береді. Оның негізінде барлығы арзандайды. Барлығына қиын болады. Мен тиімдірек деген саланы атай алмаймын, қазір бәріне қиын. Бірақ Қазақстанда бұл ауыр сәттен шығу үшін мүмкіндіктер мен қор бар. Тек шығындардың көбін қысқартып, барлығына тиімді жұмыс істеу керек.

Реті келіп тұрғасын біздің тілшілер миллиардерден басталған жекешелендіруге қызығып-қызықпайтынын сұраған. Қызығады екен:

Александр Машкевич, ERG  директорлар кеңесінің төрағасы:

Менің ойымша жекешелендіруді жүргізу өте дұрыс шешім. Бізді энергетика, салмақты тау-кен активтері қызықтырады. Бұл науқанға әрине қатысамыз.