Русский Сайттың толық нұсқасы

Жекешелендіру «қырлары» ...

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2015
  • 1343

Енді «Эйр Астана» жайы. «Жекешелендіру тізімінде» деген ақпараттың растығына ешкім күмәнданбаған. Осыдан біршама уақыт бұрын компанияның президенті  «дәл қазір сатудың қажеті жоқ» деген-ді жұқалап айтқан.«Форбс.кз»-ке бір ай бұрын берген сұхбатында  49% акциясы  британдық BAE System-ге, 51% «Самұрық-Қазынаға» жататын компанияны жекешелендіруге байланысты былай деген:  «Қажет уақытында иә, жекешелендіру керек. Себебі біздің бизнес жақсы. Эйр Астана акциялары ақша салуға тұрады. Бірақ ағымдағы валюталық және нарықтық тербелістерді ескеру керек. Ал авиация сияқты тербеліп тұратын ортада  инвестициялық климат қазір жағымды емес».

Ал осы аптада компания жекешелендіруге қарсы екендерін ресми мәлімдеді:

Белла Тормышева, «Эйр Астана»АҚ корпоративтік коммуникациялар бойынша вице-президенті:

Біз Үкіметтен қазіргі акционеріміз «Самұрық-Қазынаға» 51 пайыз акциясымен қалдырса екен деп сұраймыз. Біз мемлекетке пайда әкеліп тұрған компаниямыз. 14жыл ішінде «Эйр Астана» мемлекет қазынасына алғашында салынған ақшадан 40 есе көп пайда әкелді. Салық және міндетті төлемдер ретінде бюджеттің бүйірін 350млн долларға толтырдық.

Негізі «Эйр Астанаға» шетелдік компанияға сатылып кету қаупі «Мемлекеттік сатып алулар» туралы заң жобасына енгізілген өзгерістер қабылданғаннан кейін туындады. Ол заң шетелдік инвесторларға отандық әуе компаниялары акцияларының бақылау пакетін сатып алуға мүмкіндік береді. Заң жоғарғы өкілетті орган – Парламентте талқыланғанда, бір ғана сенатор  отандық әуе тасымалдаушының тағдырына алаңдаған еді. Біз ол алаңдаушылықты эфирден бергенбіз:

Сергей Громов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты (19.11.2015):
Қолданыстағы заңнан шетелдіктердің әуе компаниясындағы үлесі 49 пайыздан аспауы керек  деген бап алынып тасталды.  Яғни жаңа заң бойынша шектеу жоқ... Ал ондай шектеу қойылғаны – ұлттық тасымалдаушы компания стратегиялық маңызды нысан болып есептеледі. Жалпы, ұлттық тасымалдаушы компанияда шетелдік үлестің 49 пайыздан аспауы дегеннің астары - қажет болған кезде  мысалы, мемлекеттік қорғаныс үшін немесе төтенше жағдайларда жылдам пайдалану үшін қолжетімді болуы керек... Ал осы шектеуді алып тастау арқылы қиындықтарға тап болуымыз мүмкін. Мәселе мемлекеттің экономикасына, қауіпсіздігіне барып тіреледі. 

Сондай-ақ, ИКАО халықаралық азаматтық авиация ұйымы шетелдіктерге ұлттық әуе компанияларының 49 пайыз акциясынан артық акция сатуға кеңес бермейді. Яғни жартысы немесе жартысынан астамына шетелдік тұлға иелік ететін әуе компаниясы  шетелдерге ұшу құқығынан айырылады. Маңызды сауалдар туғызатын мәселе болғасын «бұл қалай?» деген сұрақты арна тілшілері депутаттарға қойды. «Шетелдіктердің үлесі 49 пайыздан аспауы керек» деген бапты алып тастау туралы үкімет ұсынысын мақұлдаған оларға бұл сауалды қоюдың да қажеті жоқ сияқты. Алайда не ойлайтындарын, қалай ойлайтындарын өз ауыздарынан естіген керек.  

Мейрам Бегентаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біз компанияны тиімді сатсақ,бюджетке түсім түседі, яғни бізге тиімді болады. Бірақ қаншалықты сату керек,соған қараған жөн. Егер бюджетті толтыра түссе, неге сатпасқа? Ашық ел болғымыз келсе, түрлі компанияларымызды әр түрлі қолдарға беруіміз керек. Біз шетелдік пе, шетелдік емес пе деп, бөлмейміз, бастысы, мемлекетке пайда түссе болғаны.

Яғни -сатудың логикасы бар ма? - деген сауалды қоюдың мағынасы жоқ. Әдеттегідей болжамдар қылаң берді. Питер Фостердің басшылығымен тұрақты дамитын компанияға айналған ұлттық тасымалдаушы «біреудің көзіне түсіп қалды ма»,- дегеннен бастап. Орталық Азияда – біз сияқты мемлекетте жемісті бизнес жүргізген Фостерді Британия патшайымы Елизавета ІІ «британ авиациясы алдындағы Қазақстандағы қызметі үшін» деп, орденмен марапаттаған, Фостер расында білікті маманға ұқсайды. Білікті маман білетінін ашық айтпаса да, білетіні «бет тыржитатын» екені анық етін...

Ал апта соңында аяқ астынан «ммм» дегізген хабарлама тарады. Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпарда  «Эйр Астана»-ның сатылымға шығарылатын кәсіпорындардың арасында жоқ екені жазылған.

Сату туралы ешкіммен келіссөздер жүргізіліп жатпағанына тоқталып, сенатор Громов айтқандай, егер компанияның басым бөлігі мемлекет бақылауында болмаса, халықаралық рейстерден шектелетінін келтірген. Еуропаға ұшуға құқы бар жалғыз компаниямыз екенін, сондай-ақ, мемлекеттен ақша сұрамайтын рентабельді кәсіпорын екенін тізген. Осындай «айналып түсулер». Немесе халықаралық норманы өзгерте алмайтындары әйтеуір жеткен-ау...