Русский Сайттың толық нұсқасы

Үлкен саясаттың кесірлері

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2015
  • 1201

Түркия импортының 10 пайызы Ресейге тиесілі, ал Ресейдің 5 ірі сауда әріптесінің бірі Түркия... Ресейдің  СУ-24 бомбалаушы ұшағын түріктер «шекара бұзды» деп, атып түсіргеннен кейін олардың қарым-қатынасының шиелінісіп кеткені мәлім. Саяси жағынан бізге де жақсы емес. Оны тарату артық. Сондай-ақ, Түркиядан бізге бағыт алған сауда керуендерін екі ортада орыстардың жібермеу проблемасы түпкілікті шешілген жоқ. Әйтсе де ауқымдырақ қарастырсақ, экономикалық жағынан пайдамызды жібермеу, мүмкіндіктерді қарастыру туралы өткенде айтқанбыз. Мысалы, санкциялар құрсауындағы Ресей нарығына батылырақ ену жайлы. Бірақ ол құр қиял сияқты...  Ал ресей нарығынан ығыстырылып жатқан түріктер біздің нарыққа келмей ме, тиісінше, сапалы тауарлардың арзандауына ықпал етпей ме, жағалауларына орыстар бармайтын болғасын, біздегі туристерге ұсынылатын жолдамалардың бағасы төмен түсер ме екен,– деген қарапайым тұтынушы сауалдары да қиял әлемінен бе? Түркиядағы әріптесіміз Самат Сүлей жауап іздеп көрді.

Ресей президенті Владимир Путин былтыр дәл осы уақытта Анкараға ресми сапармен келген. Үш сағаттық кездесу кезінде екі ел арасындағы 32 млд долларды құрайтын сауда айналымын 100 миллирадқа дейін еселеу үшін Ердоғанмен қол алысқан болатын. Енді міне, кремльдегілер "жон арқадан" соққыны өздері бере бастады. 

Рамазан Солак, экономист:

Ресей тарапы біздің билікке өз кінәларынды мойындамасаңдар экономикалық қысым жасаймыз дегендей бірден байланысты үзді. Тіпті ел президентінің өзі қол қойып, шектеу салынатын тауарлардың тізімін шығарды. Қазір көріп отырғандай сауда-экономикалық проблемаларымыз басталды. Мәселен, Түркия жыл сайын 1,3млд долларға шет мемлекеттерге көкөніс пен жеміс сататады. Оның басым бөлігі Ресейге тиесілі. Қарапайым ғана лимонның экспорттан әкелетін табысы 280 млн доллар. Бұдан басқа да тоқыма, туризмнен түсетін табысымыз және бар. Егер жағдай тұрақталмаса келер жылдан бастап барлық саладағы байланыс кесіледі.

Жеміс-жидекпен пен тоқыма өнімдері түгілі,  кремльдегілер туристерін де тұсап тастады.  Тауарға толы керуендер кеденнен әрі аса алмады. Мәселен, Самсун қаласындағы теңіз жағасында 400 ден аса жүк көлігі кептеліп қалды. Өйткені, Ресей шекарашылары тауарды өте ұзақ тексеріп, кейбіреулерін кейін қайтарып жатыр.

Синан Муса, көлік жүргізуші:

Ресейдің кеденінен өте алмайтын болғасын осы жерде күтудеміз. Жатқанымызға төрт күн болды. Көлігімізде шамамен 20мың доллардың өнімі бар. Барлығы ұзаққа шыдамайтын апельсин, банан және анар. Не істерімізді де білмейміз. Теңізге төгуден басқа амал қалмады. Фирмамыздағыларға хабарлассақ олар да ештеңе айта алмай отыр. Күндік шығынымыздың бір парасы өз қалтамыздан кетуде.

Хүрриет газетінің мәліметінше, ресми Мәскеу түріктің тауарына шектеу қойғаннан бері 250  кәсіпкер өнімдерін Ресейге экспорттай алмай қалған. Санкция салдарынан Түркияда көкөніс бағасы күрт төмендеп,шарулар өнімдерін арзан бағамен ішкі нарыққа өткізуге мәжбүр.

Самат Сүлей, журналист:

Ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын түрік кәсіпкерлерінің айтуынша, Түркияда жеміс-жидек бағасы 40-50 пайызға дейін арзандап кеткен. Мәселен... Анар қаншадан? 1.5лира. Өткен аптадағы бағасы ше? 2.5лира. (бу не кадар абейджим? гечен хафта кач лира иді?) Яғни, дәл қазір мына анардың бағасы 160-170 теңге. Ал өткен аптада 240 теңгенің төңірегінде болғанын айтады.

Түрік билігі тығырықтан шығудың жолын іздеп жаңа нарық қарастырып жатыр. Алайда, Ресей секілді тиімді нарық табу оңай болмас дейді, сарапшылар. Мәселен, Орталық Азия елдері оның ішінде Қазақстанмен ортақ іс бастауға географиямыз келіңкіремей тұр. 

Рамазан СОЛАК, экономист:

Біз үшін әлемнің кез келген нүктесіне жеткізу қиын болмас. Мәселе тауардың бағасына келіп тіреледі. Өйткен, жеткізетін жеріміз неғұрлым ұзақ болса бағасы да қымбаттайды. Мысалы, Анталияның апельсин, анарын Қазақстанға бірінеше күн ішінде апардық делік. Ал, ол жақта нарықтың бағасына сәйкес келе ме? Себебі жол шығыны мен басқа да қаржыларын есептегенде өте қымбатқа түседі.

Түркия Премьер министрінің орынбасары Михмет Шимшек -егер Ресеймен байланысымыз барлық салада тоқтатылса, Түркия тарапы 9 млд доллар қаржыдан қағылады,  бірақ ол сома біздің «қалтамызға» салмақ салмайды- деп мәлімдеді.Ал, бас министр Ахмет Дәуітоғлы ресми Мәскеудің бұл шешімі олардың өздеріне оңай тимейтінін айтады.Расында жағдай Ресейде де мәз емес секілді. Мәселен, Мемлекеттік статистикалық қызмет орталығының мәліметінше, бұл елде желтоқсан айынан бастап, жеміс-жидек пен көкөніс бағасы бірнеше есеге қымбаттаған.

Түркиядан тауар таситын орыс саудагерлері де бұл саяси текетірес Ресей нарығына соққы екенін айтады.

Лариса Синчук, кәсіпкер (РЕСЕЙ):
Түркиядан Ресейге тауар апарып жүргеніме 10 жылдан асты. Екі мемлекет арасындағы саяси байланыстың ызғары бізге қатты тиді.Тауар алуға келдім,тек оны Ресейге жеткізетін мүмкіндік жоқ. Тасымалдаушы фирмалар жұмыс істемейміз деді. Жалғыз мен емес, қаншама кәсіпкерлер не істерін білмей қалды. 

Анкара мен Мәскеу арасындағы текетірес ұзаққа соқылатын сияқты. Яғни осындай жағдайдағы дәстүрге сай, қарапайым адамдар зардап шегеді.

Самат Сүлей, журналист:  
Бұл жер Ыстамбұл қаласындағы Фатих ауданына қарасты «Лалели» деп аталатын көтерме сауда орталығы. Яғни, киім және аяқ киім саудасымен айналысатын кәсіпкерлер қауымына жақсы таныс. Дәл осы жерде өндірілген өнімнің барлығы әлемнің 60-тан астам еліне жол тартады. Олардың арасында Ресей нарығы алғашқы орында. Алайда, кәсіпкерлер соңғы күндердегі оқиғадан соң Ресей бұл тізімнен шығып қалғанын айтады. 

Ыстамбұлдағы кәсіпкерлер одағының төрағасы «Лалелиде» экспорт көлемі азайғанын айтады. Былтыр басталған дағдарыста өнім құны 50 пайызға төмендесе соңғы 15 күнде ол 80 пайыға жеткен.

Гыясеттин Эюпкожа, «Лалели» өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының төрағасы: 
Ел президенті Ердоған мырзаға өз ұсынысымызды дайындап қойдық. Үлкен қиындықтар күтіп тұр,сондықтан мемлекеттен берілетін несие мерзімін ұзарту, салық жеңілдіктерін қарастыруды сұрадық. Ресейдегі кәсіпкерлерімізге үкіметтен қолдау керек екенін айттық.

Сөз басында айтқанымыздай, туризм саласы да шығынға батпақ. Өйткені, жыл сайын Ресейден  4 жарым миллион турист келетін. Министріліктің дерегінше, Анадолы жағасында демалатын әр саяхатшыдан 800 бен1000 доллардың арасында табыс түседі. Демек, тек 1 миллион ресейлік Түркияға келуден бас тартса, онда түрік фирмалары  шамамен 1млрд доллар кірістен айырылады.

Эрдем Синан, кәсіпкер:
 
Соңғы екі апта ішінде келушілердің 40-50 пайызын  жоғалттық. Қазір бөлмелеріміз бос, дәмханаларымызда адам аз. Қатты алаңдап отырмыз. Қонақ үйіме келетін туристердің 70-80 пайызы - Ресей азаматтары. Оларды сайтымыз арқылы шақырып жатырмыз. Өкінішке орай, саясаттың салқыны қаншама кәсіпкерге кесірін тигізді. 

Түркияның үкімет жетекшісі Ахмет Дәуітоғлы «келер жылы келмейтін орыс саяхатшыларының орнын толтыру үшін баламалы бағдарламамыз әзір» деді. Атап айтсақ, бұған дейін ресейлік туристерге ұсынған жеңілдігін еуропа елдеріне үлестіріп бермек. Яғни, бортты толтырып батыстан турист әкелген әр ұшаққа 6000 доллар қаржылық қолдау көрсетіледі. Сондай ақ, 400 мыңнан аса саяхатшы тартқан турфирмаларға 100млн лираға дейін жәрдем несие рәсімдейміз- деп отыр. Әсілі, түрік үкіметі де қасарысқан саясатқа көшкендей.

Самат Сүлей, «Біздің уақыт», Түркиядан.