Русский Сайттың толық нұсқасы

Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған ғалымдар марапатталды

  • AstanaTV
  • 14 желтоқсан 2015
  • 1169

Тәуелсізді күні қарсаңында ғылым мен техника саласы бойынша тағайындалған Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық иегерлері марапатталды. Бұл сыйлықты Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада 39 ғалымға өз қолымен табыстады. Елбасы олардың әрбірінің еңбектерін жоғары бағалайтынына айрықша тоқталды.

Айта өтейік, ғалымдар көмірсутегіні игеру, ғарыш және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етеді. Сондай-ақ олардың арасында жаңа технологияны игеріп, металлургия, физика, медицина салаларында инновациялық жаңалықтар енгізген азаматтар да бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі замандағы экономикамызды ғылым мен инновациясыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да ғылым саласына көңіл бөліп, қаражат құйып қолдап келеміз. Мемлекет бұл бағытын ұдайы ұстанатын болады. Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық ғылым мен техника саласындағы ең жоғарғы марапат болып саналады. Биыл мұндай марапатқа 6 ұжымдық және бір жеке ғылыми шығармалар лайық деп танылып отыр. 


Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылғандар тізімінде Минералды ресурстар академиясының академигі Балтабек Қуандықов та бар. Геология-минералогия ғылымдарының докторы ұжымымен бірге Солтүстік Торғай, Ертіс маңы, Балқаш, тағы да басқа шөгінді алаптардың геодинамикалық үлгілерін әзірлеген. Осы еңбегі үшін президенттің қолынан жоғары награда алды. Зерттеулерге сай Қазақстан алдағы 5-10 жылда 120-130 миллион тоннаға дейін қара алтын өндіру мүмкіндігіне ие болады.

Балтабек Қуандықов, Геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР минералдық ресурстар академиясы академигі:

Мұнай-газ саласына осыдан 20 жыл бұрын ғана мемлекеттік сыйлық берілген болатын. Сол 20 жылдан кейін, менің өзімнің ойымша, біздің егеменді жылдарымызда қолымызға түскен барлық геологиялық материалдарды біздің ұжым жинақтап, ойластырып, еліміздің болашағы, мұнай-газ саласының қандай болатынын айтып, жасалған еңбегі еді. Сондықтан Елбасымызға рахмет айтқымыз келеді. Біздің азғантай еңбегімізді елеп, Мемлекеттік сыйлық беріп тұрғанына. 

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА