Русский Сайттың толық нұсқасы

Дүниеден Әбіш Кекілбаев озды...

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2015
  • 3318

...Шындық тақ, өтірік жұп, айла егіз 

Айқұшақ аймаласқан фәнилік із.
Бақиға басың жалқы аттанасың... деп өзі жазғандай, Әбіш Кекілбаев мәңгілік мекенге кетті.

«Алты тұтқын елі қайда, жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тілден де айрылды. Түйемен бірге өреді, түйемен бірге келеді...Тезек теріп қайтқан мәңгүрт қазақтар ауылға келіп, ошақтың басына қаптарын төгіп жатыр...»

 «Күй» повесі арқылы «мәңгүрт» сөзін әлеуметтік категория, қолданатын ұғымға айналдырған жазушы-философты кейбір ақпарат құралдарының «мемлекеттік қайраткер өмірден озды» деп, оның мемлекеттік қызметте істегенін бірінші кезекте жазып жатқандары «таңғалдырады».

 Мәңгүрттердің танитыны – түйе мен тезек қана. Бар ырысы тезек деп біледі. Тезек теру ең басты міндетіміз деп ойлайды...

Әбіш Кекілбаев (10.11.15ж):

Біз соғыс тұсын көрген ұрпақпыз, біз ұшақтан қатты қорушы едік.Ұшақ келе жатыр дегенде бауырына бомбасын құшақтап әзірейлдің өзі түсіп келе жатқандай қорқатынбыз. Сол үлкен қорқыныштан әліге дейін, біразға  дейін арыла алмай қазір бәріміз оны ұмыттық. Осы үлкен жолда, үлкен тарихтың әрбір белестері менің көз алдымда жатқан сияқты.

¤

Бұл күні кеше Әбіш ағаның сенат мінберінен сөйлеп тұрған сәті. Депутат, армия генералы Мұқтар Алтынбаевты мерейтойымен құттықтай келген. Еңсесі тік, сөзі нық. Қазақ даласы мен қазақ баласын әзірейіл айналсоқтаған сұрапыл жылдары үрейді ұшырған ұшақтың дыбысын, ұмыту оған оңай болмады. Бір жасында майданға аттанған әкесі Кекілбай сол күйі оралмады. Анасының тәрбиесімен өскен ұл әкесінің атын өшірмеді.

Туған жер

Өстім қырда, қиырда,

Естімей орман шуылын.

Жүзімді қақтап құйынға,

Селеудің тыңдап суылын.

Теңізден шетпін бұрқақты,

Тәнімді толқын көмбеді.

Сусай қалсам, су тарттым

Шыңыраудан шөлдегі...

1959 ж.

Әдебиет әлеміне поэзия арқылы келген Әбіш Кекілбаев жазушы болуды армандамады. Соқтықпалы, соқпақсыз ауылда өскен бала елді мекенді байланыстыратын жол салуды ойлап, әу баста геологтардың соңынан ерген көрінеді. Иә, ол тыңнан түрен салды. Әдебиетте.Үзеңгілестері Әбішті тұтас бір дәуірдің маңдайалды өкілі деп мойындайды.

Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы:

¤

Тарихты өте көп оқитын Қытайдың жазғаны әр жерден мен баспада істедім ғой, тіпті кейбір кітаптарды сұратып алатын. Пичуриннің 3 томдығы шықты соны сұратып алды. Оны басқа да жолдармен де алуға болатын. Бірақ кітап сұрау кітап оқу дегеннен арланбайтын. Кез келген шығармасын оқыңызшы әр жағында бір тарихтың елесі тұрады. Тарихты терең білетіндігі көрініп тұрады тарихты білмеген шығарманың өзі терең тамырлы болмайды ғой. Әбекеңнің басқа жазушылардан ерекшелігі де өзі осы еді.

¤

Кекілбаевтың кеңістікте ешкімге ұқсамайтын өлшем өрісін тану үшін, шығармаларымен жете танысқан керек. Шоқтығы биік «Шыңырау»,«Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романдарының терең астарын ұғыну үшін, дайындықпен келген дұрыс- дейді.

¤

Төлен Әбдік, жазушы:

Қазақтың руханиятында оның алатын орыны әлі үлкен әңгіме болады. Талай ұрпақ айтады зерттейді, зерделейді.

Исраил Сапарбай, ақын:

¤

Өзім ойлаушы едім қазақ топырағынан әдебиет пен өнерден бір Нобель сыйлығын алатын адам болса, Әбекең дайын тұр деп.

¤ Өмірге адам болып келіп, азамат болып өту деген ғажайып бақ бұйырған Әбіш Кекілбаев қаламгерлікпен, қайраткерлікті қатар алып жүрді. Тіпті, ақын-жазушылардың өзі «небір қызметтің жүгін арқалаған Әбекең әдебиетке қалай уақыт табады»- деп таңданысады. Кекілбаевтың кейінгі өмірі үлкен саясатпен тығыз байланысты. 6 жыл Мемлекеттік хатшы, Сенат, Мәжіліс депутаты болды. Ел егемендік алып, еңсесін тіктеген қиын жылдары елбасының етене жақын уағызшыларының бірі болғаны рас. «Төзім жыры» 1995-жылы жазылған.

Шытырман болар сыбағаң,

Шығады аман шыдаған.

Төзімнен басқа жоқ шараң,

Өзіңнен басқа жоқ панаң.

Қолтыққа су бүріккен,

Тақымға ине жүгірткен

Елбендерге елікпе,

Желбендерге желікпе

Түспейін десең өртке.

Бөрлікпе де, бөрітпе,

Тұрғанда соңғы сынақ қап,

Шыдап бақ, қазақ, шыдап баң!

                                               1995.

¤Маңғаз Маңғыстаудың тумасы түбектің өткені, бүгіні, болашағы туралы үнемі толғанып жүретін. Мазалаған ойларымен оңашада бөлісетін.

¤

Әкім Тарази, жазушы:

¤

Тойдың үстінде екеуіміз бір оңаша теңіз жаққа шығып кетіп едік, сонда айтты той, той ғой, Әкім мені дегенмен әлі де Маңғыстаудың болашығы не болады сол мені толғандырады, деді. Мен айттым ол бәріміздің жүрегімізде жүр деп.

¤

Осы өмірде ең үлкен қуанышыңыз не дейтін болса, ол бала күнімізде біз үшін қиял болған, бізден кейінгі ұрпақтың көру-көрмеуі неғайбыл болып елестейтін, біздің ата-баларымыз сол үшін отқа түсіп, омырауы жуылып кеткен үлкен тарихи оқағаны көргеніміз дер едім. Ол қазақтың  да қалған жұрт сияқты ел болам деп талап етіп жатқаны. Осы ретте мен өзімді өте бақытты адаммын деп есептеймін. Ал бірақ, түгел бақытым үшін, ел шын мәнінде әлтек-тәлтек күйден кетіп, ешкімнен ештеңе сұрамай, терезесі тең тұратын жағдайды көре алсақ онда біз дегенімзге жеттік деп айтар едік. Бірақ ондай күн болады. Біздің ұрпақтармыз жетеді.

10.12.2015 ж.

"70 деген жігіттің жасы дейді, сол өтірік болмады ғой, рас екен, қазір көзіміз көріп келе жатыр..."

Бұл Кекілбайұлының ел ағаларына айтқан соңғы тілегі болатын. Ертең сағат 09-да "Нұр-Астана" мешітінде абыздың жаназасы шығарылады. Сағат 10-да "Көрме" кешенінде ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтеді. Сүйегі Ұлттық пантеонға қойылады. Айтпақшы, жазушының электронды нұсқадағы роман-повестерін, ой-толғамдарын, сыни-мақалаларын, өлеңдерін түгел kitap.kz  сайтынан оқи аласыздар. Оқымаған замандастар көп екенін білеміз. Ал оның шығармалары әдебиеттегі мәңгілік мұраларға кіреді!