Русский Сайттың толық нұсқасы

Н.Назарбаев Ұлы дала елін Тәуелсіздіктің 24 жылдығымен құттықтады

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2015
  • 2049

«Нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз». Ұлы дала елін Тәуелсіздіктің 24 жылдығымен құттықтаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

«Біз үшін жаңа дәуірдің арай таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты», - дей келе, Елбасы азаттықтың екінші мүшеліне аяқ басқанымызды айрықша атап өтті. «Кезекті жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Түрлі қиындықтарға қарамастан, жүріп өткен жолымызға көз салсақ, Қазақстан үшін айрықша маңызға ие көптеген оқиғалардың жадымызда қалғанын аңғарамыз», - деді Елбасы. «Қандай күрделі кезеңде де экономиканың оңтайлы өсімін, қарқынын сақтадық», - деген Мемлекет басшысы индустриялық дамудың екінші бес жылдығы, «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын еске салып өтті. Қазақ елі үшін аса қымбат мерекемен отандастарын құттықтап, Тәуелсіздік халқымыздың жалғыз бақыты екенін баса айтты. 


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл күн - ұрпақтардың ұлы арманы орындалған ордалы той, мерейлі де мәртебелі мереке. Аман-саулық адамның нағыз бақыты болса, Тәуелсіздік - халықтың нағыз бақыты. Біз елу емес, небәрі 24 жылда қарыштап жаңаланған, төрткүл дүние бағалаған ел болдық. Өзгелер ғасырлап өтетін, ал енді біреулер мүлдем мақұрым кететін тарихи жолды ширек ғасыр жетпей тәмәмдадық. Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Президенттің құттықтауы мерекелік концертке ұласты. Оған еліміздің ең үздік деген өнер ұжымдары атсалысты.
 
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ