Бүгін
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні. Бұл әрбәр қазақстандық үшін басты
ұлық мереке. Осыдан тура 24 жыл бұрын дәл осы күні Президент Нұрсұлтан
Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңға қол қойды. Осылайша, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі
жарияланды. Егемендік алып, өз алдымызға тәуелсіз ел атанған атаулы күнге
орай ел аумағында түрлі шаралар өтуде.
Биылғы мереке екі күнге жалғаспақ.
Бұл
мейрамның алматылықтар үшін де маңызы зор. Бүгін ардагерлер мен қала билігі
бастаған топ шаһардағы Тәуелсіздік
монументіне гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар азаттық жолында құрбан болғандарды
бір минут үнсіздікпен еске алды. Әсіресе өскелең ұрпақтың бұл күннің қандай қасіретпен
келгенін әрдайым біліп жүруі маңызды,-дейді шараға арнайы келген жастар.
Ләйлә
Төлеуғалиева:
Жастардың
атынан айтқым келеді, осы ерлікпен жеткен Тәуелсіздігімізді насихаттап, осы
өсіп келе жатқан ұрпаққа аман-есен қалдырғымыз келеді. Еліміз тыныш болу үшін, "Отан отбасынан
басталады" дейді, сондықтан баланы патриот
қылып үйрету керек. Елімнің патриоты ретінде соған ат салысамын.
Ата-бабамыз
аңсаған азаттыққа қол жеткізген 24 жылда талай асудан астық. Ата заңымыз бекіп,
төл теңгеміз дүниеге келді. Көк туымыз әуеде желбіреп, халықтың рухын
асқақтатқан рәміздерімізді бекіттік. Тәуелсіздік жылдары еліміз ішкі бірлігін
бекемдеп, әл-ауқатымызды арттыру үшін тынымсыз еңбек етті. Нәтижесінде
өркениетті елдермен иық тірестіріп, бүгінде экономикасы қуатты елге айналды.
Шетелден қомақты инвестициялар тартылып,
өндіріс өркендеді. Әлеуметтік салаларда да түрлі реформалар жүргізіліп,
халыққа жағдай жасалды.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті /15.12.2015 ж./:
Біз
биыл көктемде жарияланған Ұлт жоспарын орындауға кірістік. Оны ел
Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге асырудың өзіндік мәні бар. Менің
ойымша, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына даярлықты бүгіннен бастасақ, дұрыс болады.
Айгүл ЕРМАХАН