Еліміздің көрнекті жазушысы
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы түрік тіліне аударылды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ыстамбұл қаласында ұйымдастырылған
конференцияда жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Жергілікті ғалымдар бұл жағдайға
қазақ-түрік әдебиетінің жаңа белеске көтерілуінің айғағы деп баға берді. "Мұндай
шоқтығы биік шығарманы оқыған жас ғалымдарымыз келешекте қазақтың әдебиеті мен
тарихын зерттеуге қызыға қарайтыны анық дейді", - түркиялық мамандар.
Қазақтың бес ғасырлық
кезеңін суреттейтін шығарманы түрікшеге аудару үшін бес ғалым тер төккен.
Олардың арасында тіл әдебиетінің маманы Мехмет Ясин де бар. Мехмет мырза тарихи
романның үшінші бөлімі «Қаһарды» аударған.
Мехмет Ясин, аудармашы:
Дайындықты 2012 жылы бастадым.
Бірнеше рет оқып шықтым. Шығармадағы оқиғаларға үлкен мән бердім. Себебі бұл - күрделі, тарихи роман. Негізгі мағынасын жоғалтып алмау үшін, әрбір сөзін
мұқият қарап, көп зерттедім. Сонан соң ғана докторлық жұмысымның тақырыбын осы
кітаппен байланыстырып, аударуға кірістім. Өте керемет шығарма. Түрік
оқырмандары таласа оқитынына сенімім мол.
«Көшпенділердің» түрік тілінде
сөйлеуіне атсалысқан ғалымдардың айтуынша, олар жеті ай бойы тынымсыз еңбек
еткен. Ақыры бұл еңбек өз жемісін беріп, ХV-XVIII ғасырлардағы қазақ хандығы
жайлы трилогия түрікшеге сәтті аударылды.
Бауырлас елдің ғалымдары бұны Қазақ хандығының 550 жылдығы мен
еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне тарту етіп отыр.
Исмайл Доған, түркітанушы:
Қазақстан биыл маңызы зор
мерекені тойлауда. Яғни ұлт болып ұйысып, сан ғасырлық тарихы бар ел екендігін
дәлелдейтін Қазақ хандығының мерейтойын атап өтуде. Бізде бауырлас елдің
қуанышына ортақтасып, осындай жұмысымыз арқылы құттықтағымыз келді.
Тәуелсіздіктеріңіз мәңгі болсын!
Жансейіт Түймебаев,
Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
Бұл қазақ халқының тарихын
өткен жолын туысқан түрік халқына көрсетіп, танытудағы үлкен қадам деп білеміз.
Жалпы елшіліктің ұйытқы болуымен қазіргі таңда көптеген қазақтың ақын,
жазушылардың еңбегін түрікшеге аударудамыз. Абайдың екі томы, Мұқағалидің кітабы түрікшеге аударылды. Сондай-ақ, Қазақстанның белгілі 25 жазушысының әңгіме
жинақтары аударылуға қазір дайын.
Түрік тіліндегі «Көшпенділер»
кітабының редакторы, тарихшы Әбдуақап Қара роман бірнеше мың данамен жарық
көргенін айтады. Ал электронды нұсқасы Түркиядағы кітапханаларда сақталмақ.
Аталған роман 1976 жылы орыс тілінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен
тараған. «Көшпенділер» тарихи
романы әлемнің 30 тіліне аударылыпты.
Самат СҮЛЕЙ