Русский Сайттың толық нұсқасы

Ағартушылық...

  • AstanaTV
  • 19 желтоқсан 2015
  • 1608

Біреулер кеңес одағында жақсы білім берілді дейді. Көптеген пәндердің тәп-тәуір оқытылғаны шын. Мысалы, география. Біз мемлекеттер мен астаналар тұрмақ, бұғаздар мен мүйістерді, ең биік шыңдар мен ең үлкен шөлдерді жаттап өстік. Ол дүниені тануға ғана емес, ауқымды ойлауға септеседі, рас айтам. Бірақ фальш идеологияға, жасанды қалыпқа құрылған кеңес одағының экономикалық мешеуге айналып, күл-талқан болуының бір себебі ғылым көшінен қалып қоюы еді. Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе бар.  Кеңесте жақсы білім берілсе, неге бірнеше ұрпақ тарихын білмейді, тілін ұмытты. Тіпті мыңдаған адам болмысы өзгеріп, ұлтынан ажырап кетті. Сондықтан кейбір салалардағы некен-саяқ мықты мамандарды есептемегенде, кеңес білімі мен ғылымын керемет етудің қажеті жоқ.

Алайда қазір де кілтипандар көп екені рас. Нақты ғылымдардың қазақ тілінде оқытылу деңгейі, ұсқынсыз аудармалар. Бұл мән бермей жүрген, бірақ өте қауіпті проблема.

Осы аптада «Азаттықта» жарияланған материалда «Кейбір халықаралық терминдер мен сөздерді қазақ тіліне жөн-жосықсыз әрі қате аудару проблемасы талай талқыланған. Бірақ мұндай калькалар мен ерсі сөздер қазақстандықтардың күнделікті тұрмысында қолданылмаса да, кейбір орыс-қазақ сөздіктерінде сол күйі қалған. Мысалы, бегемот – сусиыр, балкон – қылтима, плоскогубцы – атауыз, стюардесса – аспансерік. Ал орыс тіліне кері аударған кезде, олардың мағынасы мүлде өзгеріп кетеді. (мысалы, бегемот – суда тіршілік ететін сиыр, тістеуік – аран ауыз, стюардесса – аспанда серік болған әйел, балкон-қылтиманың синонимі көп)- деп-,көкейдегі жазылған.

Жалпы, бізге тар шеңберде ойлаудан және  құлдық психологиядан, үрейлерден арылған үйретушілер керек. Бір вариант - ілгері оқу орындарынан білім алған және тұлғалық қасиеті бар азаматтардың елімізде ағартушылықпен айналысуы. Алайда шет мемлекеттерде табысты қызмет етіп жүрген қазақтардың милы бастарын кінәлай алмайсың, кінәлауға қақымыз да жоқ. Өткенде де айттық – «барлығы адам үшін, адамның қолайлы тіршілігі үшін» деген принципке негізделген қоғамда өмір сүру құқығы әркімде бар. Оның үстіне ақының білік пен еңбекке қарай төленбеуі, тамыр-таныстықпен шешілетін карьера, коррупция мен бюрократия - контраргумент келтіруге ұяласың. Бірақ жүрегі тұрмыстық, пенде есептерге сыймайтындарды неге шақырмасқа? Айгүл Әдепбай жалғастырады.

АҚШ-ң ғарыштық бағдарламалары, НАСА-ның жаңалықтары дамып жатқан бір дүние. Ал олардың ғылыми жетістіктерін жетілдіріп жүрген қаракөздер қаншама. Солардың бірі Дархан Нұрмағамбет. Америкаға 2002 жылы көшіп кеткен. 12 жылдан бері НАСА үшін тер төгіп жүр.

Дархан Нұрмағамбет, АҚШ азаматы:

Мен НАСА-да келісім-шарт бойынша жұмыс істеп жатырмын. Пилоттық жобалар бойынша негізінен логистикамен айналысамын. Ғарыштық пилотты бағдарламалармен айналысқандықтан Байқоңырға жиі барамын. 

Дархан жалғыз емес. Өзіндей қазақтың милы бастары толып жүр Америкада. 

Дархан Нұрмағамбет, АҚШ азаматы: 

Мұнда қазақ физиктерінің тобы бар. Олар бір кездері жұмыс визасымен келгендер. Қазір осында тұрақтап қалды. Мысалы Бақыт Ахметов мен сияқты НАСА-да қызмет етеді. Спутниктік фотосуретпен айналысады. АҚШ ауылшаруашылығы үшін суреттер дайындайды. Махмұт Сағындықов деген талантты жігіт бар. Ол сақтандыру жарнасын есептейтін маман. АҚШ актуарилерінің құрметті мүшесі. Олар кез келген адамды мүшелігіне алмайды. Зейнетақы қорларының тәуекелдерін есептейді. Арман Баширова деген мықты биолог бар. Қазақтың дәрігерлері мен мұғалімдері өте көп Америкада.

Осылайша мықтыларымыздың бірталайы мұхит асып кеткен. Аспағанда қайтсін, жоғары жалақы, жанға жайлы тіршілік... әсер ететін факторлар көп. Америка билігі ақылды адамнан оңайлықпен айырыла қоймасы да анық.

Дархан Нұрмағамбет, АҚШ азаматы:

Бұл жақта білімің маңызды. Басың істесе, жұмыс табасың. Ісің өрге жүреді. Америка оптимистерге арналған. Техникалық білімі бар адамдар үшін таптырмас жер.

Сонда Қазақстан техникалық білімі бар адамдар үшін таптырмас жерге айнала алмай отырғаны ма? Техникалық мамандықтарға зор көңіл бөліп, дамытуға тырысып жатқанда, мықты мамандарды өз елімізде ұстап қала алмай отырғанымыз. Бүгінде 80-ге жуық маманымыз әлемдік ғылымды дамытып, өзге елде «сұлтан» болып жүр. Ғалымдарымызды түгендей бастаған 2007 жылдан бері, бірталай маманды шақыртқан шенеуніктер. Бірақ келгендері көп емес. Елде тұрақтап қалғаны 33 адам ғана. Сөйтсек, 8 жыл бұрын милы бастарды елге жинай бастағанмен, бізде ғалымдарымызды шақыратын арнайы бағдарлама жоқ екен. Әйтеуір өзге әр түрлі бағдарламаларға кірігіп кетіп, солардың аясында жинап келіппіз. 

Амандық Төлешов, «Ғылым қоры» АҚ президенті:

Бізде ондай арнайы бағдарлама жоқ. Бізде бағдарлама ЖОО дамыту, 020 бағдарлама соның көлімінде академиялық тұтқырлық деген бар, соны дамыту бағдарламалары болған. Ал оның ішіне ғылым бойынша гранттық қаржыландырудың ішіне біз жеке бір бағыт қылып анықтадық шетел ғалымдарын тарту мәселесін. Ғалымдарды тартудың бірнеше бағыт, механизмдері бар ғой. Арнайы бағдарлама бір механизм ол.

Елге келген 33 ғалымның бірі Зейнетола Еңсепов. Назарбаев университетінің профессоры. Ағамыз өзіміздің қаракөз болғанмен, азаматтығы америкалық. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау заманында ғылымға бөлінген қаржы күрт кесілгенде, бір күнде жұмыссыз қалған. Білікті ғалым далада қалсын ба, бірден Германия өзіне тартып алады. Одан соң мықты маманды Жапондар шақырып алады.  Күншығыс елінде он бір жыл тер төгеді. Ақыры Америкадан бірақ шығады. Мұхиттың ар жағында да он бір жыл дамытады, ғылымды. Қазақтар үздік миларын түгендеп 2008 жылы ғана шақырады елге. Оның өзінде...

Зейнетола Еңсепов, профессор:

Мені ғылымға емес, 2008 жылы әкімшілік қызметке шақырды. Ойланып, ойланып бас тарттым. Келмедім. Білім және ғылым вице министрінің орнын ұсынды. Бас тартқан себебім, мен ғылыммен айналысқым келді. Одан қалды жалақысы мен Америкада алып жүрген жалақыдан үш есе аз болды.

Ал маманның қазіргі жалақысы көңілінен шығады. Қанша екенін айтпаса да, жағдайым жақсы деді. Америка технологиясының бір жетістігін қазақ кәдесіне жаратпақ ойы бар. 

Зейнетола Еңсепов, профессор:

Мына қондырғы «фиджи-2» деп аталады. Мұндай ТМД елерінің біреуінде де жоқ. Біз Батыс ғалымдарымен жаңа бір технология ойлап таптық. Металлды шіруден, зақымданудан сақтайтын, берік пленка шығарамыз. Ол өте жұқа. Қалыңдығы 10 нанометр ғана болады. Бірақ өте берік. Тоқты өткізу, сақтау мүмкіндігі жақсы. Американың үздік технолгиясының бір жеңісін осында енгізіп жатырмыз.

Яғни Америкадан технология сатып алмаймыз, бұл қондырғы толық қуатында жұмыс істей бастаса, сол технологияны өзімізде жасап шығара аламыз. Қазақ ғалымдарының жұмысына өндірістегі компаниялар қызығушылық таныта бастапты. 

Зейнетола Еңсепов, профессор:

КEGOC компаниясымен келісім бар. Олар осы технологияны қолданғылары келіп, бізге ұсыныспен шықты. Егер тоқты сақтау, өткізу мүмкіндігі жоғары жаңағы пленканы қолдансақ, электр энергиясын үнемдеуге болады. Яғни бағасы да  арзандай түседі. Мы используем почву с засоленностью около 10 процентов. Если обычные растения в обычном случае гибнут. В нашем случае, они прекрасно растут.Тұзды топырақты жасыл желекке айналдыру, қиял емес. Нақты жоспар. Используя эту технологию мы сможем выращивать растения на соленой почве например в районе Аральского моря. Аралдың құмын оазиске айналдыру да, ертегі емес. Милы бастар мен технология жемісі.

Қазақ жастары талантқа тұнып тұрғанын айтады профессор. Ақылды деп мақтайтын жапондармен салыстырғанда, қаракөздеріміздің талабы бір төбе биік дейді.

Зейнетола Еңсепов, профессор:

Мен келген кезде таң қалдым. Мұнда талантты жастар көп. «Болашақ» бағдарламасын бітіргендер. Олар ауылдардан арнайы таңдалғандар.  Мұндай ешқайда жоқ. Америкадағы жастардың көбі Қытайдан.  Жапондарды да талантты дейді ғой. Бірақ оларды 100 адамның ішінен бірнеше талант қана шығады. Қалғаны жай тобыр. 

Ғалымдарымыз негізінен Америка, Ресей, Канада, Австралияда нанын тауып жүр, Амандық Төлешовтің айтуынша. Шетел жағдайын жасап тұрғанда елге қайтулары неғайбыл, әрине. Оларға азаматтықты ауыстыру мәселесі де кедергі көрінеді.

Зейнетола Еңсепов, профессор:

Сіздің азаматтығыңыз? -Американское. –Ауыстырмайсыз ба?-Осы Қазақстанға? Әзірге ондай ұсыныс түскен жоқ. Мен осы мәселе туралы жүрген жерімде айтып жүремін. Мәселен, Үндістан, Германия, Ирландия, Канада сияқты елдер өздерінің ғалымдарын тартып жатыр. Сөйтіп оларға екі азаматтық беруде. Бізде ондай жоқ. Егер екі азаматтық мүмкін болса, онда шетелде жүрген көптеген ғалымдар елге оралар еді. Олардың келмеуінің бірден бір себебі осы азаматтықты ауыстыру мәселесі.

Осы орайда шетелдің азаматтығын алған отандастарымызды қайтару үшін қос азаматтық мәселесін шешуге болмас па екен деген сұрақ қойдық. Тек ерекше жағдайларда - милы бастарды қайтару үшін. 

Амандық Төлешов, «Ғылым қоры» АҚ президенті:

Бізде мысал үшін екі елдің азаматы болуға болмайды. Қазақстан азаматтығы үшін. Бар мәселе сонда. Олардың ойы ана жақта да, мына жақта да азамат болмақшы. Ол шынында да қосымша талқылайтын мәселе. Жаңа айттым, бірақ исключение деген әдісті қою керек. Беретін болсақ барлық азаматтарға, азаматтардың Ата заң алдында құқы бірдей. Ал енді қалғанына заңға ондай өзгешелік жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Ғылымды дамытуға көңіл бөлініп жатқанмен, дағдарыс салқынын тигізбей қоймаған. 2016 жылға мемлекеттен бөлінген қаржы биылғы жылдан 40 пайызға кеміген. Биыл 43 млрд теңге бөлініпті, қазақ ғылымын алға бастыруға. Дегенмен білім және ғылым министрлігінің ішкі қорына үміт артады Амандық Төлешов. 

Амандық Төлешов, «Ғылым қоры» АҚ президенті:

Қаржы шамалы түсіңкіреді. Экономикалық дағдарыс әсерін тигізіп отыр. Ақша жетіңкіремей отыр. Бөлінген ақша төмен. –Қанша бөлінді? -30-40 пайызға төмендеп тұр қазір.Енді біздің әлі де болса үмітіміз бар сол 2015 көлемінде қалады ғой деген.

Ғылым қоры ақшадан үмітті.  Ақша болса, бір кездері кетуге мәжбүр болып, бүгінде өзге елдерді қарық қылып жүрген мамандарымызды көптеп қайтара түсер едік дегенді айтады. Ең соңғы болып өлетін үміт қана...

Айгүл Әдепбай, "Біздің уақыт".