Русский Сайттың толық нұсқасы

Мінез...

  • AstanaTV
  • 19 желтоқсан 2015
  • 1239

Данияның Орхус қаласында тұратын ұлты қазақ Қажы Акпар Аюби 1972 жылы Ауғанстанның Герат қаласында дүниеге келген. Арғы аталары 1928 жылы Қызылорда облысының Қармақшы өңірінен Өзбекстан арқылы Ауғанстанға өткен.Кейін 1980 жылдары кеңес әскері Ауғанстанға басып кірген кезде Иранға барып бас сауғалаған. Иранда жағдайлары өте нашар болған. Бірақ  университет бітірген жоғары білімді ағасы 1985 жылы халықаралық босқындар қауымдастығы арқылы Данияға қоныс аударуға мүмкіндік алады. Үш жылдан кейін, 1988 жылы отбасының басқа мүшелері де көшіп барады.  Қажы Акпар Аюби 15 жасына дейін қара жұмыс істеген.  Қандасымыз  қазір салмақты бір компанияның бас кеңсесінде  бизнес сарапшы. «Ақ жағалы жейде» киюге қалай жетті, оны не толғандырадыАзаттық» порталындағы сұхбатынан үзінді:

Қажы Акпар Аюби: – Данияға келген соң бір жыл дат тілін үйрендім. Содан кейін 8-сыныптың соңғы кезеңінен бастадым. Бұл жерде мектеп тоғыз жылдық. Сол кезде мен география, химия, биология деген пәндердің не екенін білмейтін едім. Бір жылдың ішінде барлық пәндерді меңгеріп, жыл соңында бәрін «жақсы» деген бағаға тапсырып шықтым. Одан кейін гимназияға тапсырып, үш жыл технология саласы бойынша оқыдым. Бала күнгі арманым электроника саласының маманы болу еді. 1994 жылы гимназияны бітірген соң Арал теңізіне қатысты бір жобамен үш айға Қазақстанға бардым. Сол кезде болашақ жарыммен танысып, екі жыл Қазақстанда қалдым. 1996 жылы Данияға қайта оралып, Орхус (Aarhus – ред.) университетіне түсіп, магистр дәрежесімен бітірдім. Grundfos компаниясының бас кеңсесінде 5 жыл жұмыс істеп, 60 сату компаниясының сатуын бақылап сараптап отырдым. 2010 жылдан бастап Vestas компаниясының бас кеңсесінде бизнес сарапшы болып істеймін. Компанияда жел диірменіне (жел генераторын айтады - ред.) алынатын құрал-жабдықтардың қаржылық сараптамасын жасаймын... Мен Қазақстанды Сауд Арабиясы секілді бай мемлекет емес, Дания секілді экономикалық дамыған ел болса екен деп армандаймын. Өйткені қазіргі жағдайда Қазақстан да, Сауд Арабиясы да тек тұтынушы мемлекет. Ал өндіруші мемлекет болуға Қазақстанның экономикалық тұрғыдан мүмкіншілігі зор. Бірақ билік те, қарапайым адамдар да психологиялық тұрғыдан дайын емес. Егер Данияда 15-20 жылдық жоспарды нақты шынайылыққа құрса, Қазақстанда керісінше. Қазір Қазақстанның бар байлығы пайдасыз жақтарға кетіп жатыр. Себебі әркім өзін, өз жағдайын ғана ойлайды. «Болашақ үшін» дейтін идея қалыптаспай отыр.

Міне, небір қиындықты тіпті зұлматты бастан кешірген отбасының баласы соқтықпалы-соқпақсыз жолдардан өтіп, ақыры арманына жетті. Мінез.