Русский Сайттың толық нұсқасы

Өтемейтін қарыз, өтелмейтін парыз...

  • AstanaTV
  • 19 желтоқсан 2015
  • 1880

Жол ережелерін бұзуға байланысты айыппұлдардың мөлшері көбейтілгені, жолдар мен көшелерде тәртіп қалмады. Мыңдаған адам ажал құшып, мыңдаған адам мүгедек болып қалып жатыр. «Есіріп кететіндердің есін қомақты айыппұл жиғызар» деген есеппен, айыппұлдар 200 мың теңгеге дейін өсті. Алайда көлемді айыппұлдардың көп пайызы төленбейтінін прокурорлар хабарлады. Солар, айыппұлдардың мөлшерін азайтуды айтып бастаған. Депутаттар жалғастырды – қазіргі дағдарыс заманында көлігінің арқасында күн көріп отырғандар үшін қиын,- деп. Күрсінетін жағдай. Азайту туралы ұсыныста логика жоқ емес. Бірақ. Бірақ адам өміріне қатысты принципті мәселе бойынша принципсіздік таныту бізді ылғи принципсіз жүруге итермелемей ме?..Негізі, көлемді айыппұлдардан да айылын жимайтындарды  орыстың мақалында айтылатын мекен ғана түзейтін шығар. Өтемейтін қарыздың өтелмейтін парыз екенін Азамат Алдоңғаров жалғастырады. 

«Жол жүру ережелері» заңы елде жиі өзгеріске ұшырайтын, үнемі жетіліп отыратын заң құжаты десек өтірік айтқан болмаймыз. Депутаттар үкіметпен бірігіп, жыл бұрын енгізген нормаларын қайта жойып, ескіге салып, ескіге тағы жаңалық қосып құбылтып жатады. 2014-тің отызыншы сәуірінде әкімшілік кодексте  айыппұлдар көлемі екі есеге өсті. Өзгерістер парламенттің қос палатасының сүзгісінен өтіп, жоғарыдан мақұлданған-ды. Ал арада екі жыл уақыт өтіп, депутаттар бұл айыптың тым қымбат екенін түсінеді. Қымбатшылықты өздері сезінгеннен кейін...

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

¤

Айыппұлдардың салмағын мен өзім де сезіндім. Қазір ақша құны өзгерді. Ал айыппұлдар сол аспандаған күйі қалды. Кейбірі 200 мың теңгеге дейін жетеді. Мынадай инфляция болып жатқан кезде, айыппұлдарды төмендету керек. Адамдардың көбі жұмыссыз қалды. Көбі отбасын жалғыз көлігімен асырап жүр. Қазіргі жалақының деңгейін ескерсек те, мұндай үлкен айыппұлдар орынды емес. Сізге айыппұлдар мәселесіне қайта оралу керек.

Бірақ Ішкі істер министрі депутаттың уәжіне көнбек емес. Қалмұхамбет Қасымов жауап ретінде ізін суытпай төлесе, елу пайыздық жеңілдік берілетінін алға тартты. Тағы сол министрдің сөзінше айыптың арзандауы жүргізушілердің жүгенсіз кетуіне жол береді-мыс.Айыппұлдар қымбаттағалы бергі статистикалық мәліметтерді білмекке Астананың әкімшілік полиция комитетіне хабарластық. Комитет баспасөз қызметкерлерінің соңынан бір апта жүріп, тұтас бір комитеттен мәліметті камераға айтатын тірі жан таппай, эфирге бір күн қалғанда, кешкісін сегіз сөйлем жауапты ақыры алдық. Оған сәйкес:

Биыл өткен жылмен салыстырғанда 171 мыңға жуық ереже бұзу фактісі артық тіркеліпті.  2014-те 20 млрд 375 млн теңге айыппұл салынып, оның тек 10 млрдқа жуығы өтелсе, 2015-те 18 млрд 200 млнға жуық теңгенің 8 млрд 682 млны қазынаға түскен. Аямай жазған қайран хаттамадағы миллиардттардың жартысы да жабылмай отыр.

Руслан Лазута, Қарағанды қаласының автоәуесқойларға көмек беру ұйымының төрағасы:

Кезінде айыппұл мөлшерін көтеру бір ауыздан қабылданған. Енді арада екі жыл өткенде көздері ашылып, айыптың тым қымбат екенін кеш түсініп жатқандары күлкілі. Заң жобасы әзірленіп жатқан кезде біз айыппұл көлемінің тым жоғары екенін, оны қарапайым жүргізушінің қалтасы көтермейтінін талай айттық.

Руслан «ОСА» қоғамдық қозғалысының негізін қалаушы. Жол сақшыларының заңға қайшы әрекеттерін әлеуметтік желілерде әшкерелейтін азаматтың бүгін сот процесстерінен қолы босамайтын көрінеді. Белсенді, айыппұлдардың аяқ асты кеми қалуына сенбейді.

Руслан Лазута,  Қарағанды қаласының автоәуесқойларға көмек беру ұйымының төрағасы:

Маған статистикалық мәліметтер, министрдің есебі, әкімшілік полицияның қисабы керек жоқ. Маған күніне 60-70 жүргізуші көмек сұрап хабарласады, жолдағы нақты жағдайды білемін. Айыппұлдардан қазір ауыз күйеді. Қысқарса, ең сирек бұзылатын ережелердің айыбы жұбату үшін, тыныштандыру үшін ғана қысқартылады, маған сеніңіз. Қаржы министрлігі қазынаны қампитып отырған айыппұлдарға еті үйреніп қалған. Одан ешкім бас тартқысы келмейді.

Тіркелген заң бұзушылықтар мен өтелген айып көлемін ОҚО бойынша да сұрастырдық. Шымкенттік жүргізушілер де жазылған айыппұлдардың 54 пайызын ғана жабатын көрінеді. Айыппұлдар көлемі өсіп, тәртіп темірдей болуы керек болғанымен, қырсық статистика былай дейді.

Сапарғали Ботабеков, ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Рөлде келе жатып ұялы телефонмен немесе рациямен сөйлесу бойынша былтырғы жылы 6947 болса, биыл 24994, немесе төрт есеге өсіп отыр. Сонымен қатар қауіпсіздік белдігін тағу 21000 болатын болса, қазіргі кезде 43000 құрап отыр. Екі есеге өсіп отыр. Ал қазір өзіңіз статистиканың мәлеметтеріне қарайтын болсақ, құқық бұзушылық саны былтырғы жылмен өсіп отыр.

Өсім байқалған кезекті қайғылы статистиканы депутаттардың алдында министрдің өзі жариялады. Үстіміздегі жылдың 11 айында 17 мың 283 жол көлік оқиғасы болып, онда 2235 адам қаза тауып, 22 мыңнан астамы жарақат алыпты. Осылайша, 2014 жылы қабылданған айыппұлдар мөлшері 50-100 пайыздап өссе, жолдағы өлім-жітім өткен жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға ғана қысқарды.  Қасымовтың ойынша, бұл жақсы нәтиже. Қазақстан жолдарының қанды болуын министр көліктің көптігімен түсіндіреді. Сонда бас-басына көлігі бар батыс елдері қалай аман жүр дейсің ғой. Қош. Өздері қабылдап, кейін өздері қарсы шығатын депутаттардың айыппұл көлемін азайту бастамасын қарашада прокурорлар да көтерді.

Руслан Әлішев,  ҚР Бас прокуратурасы департаментінің аға прокуроры:

Тексеру мен талдау нәтижелері айыппұлдардың жалпы халықтың әлеуметтік жағдайларына сәйкессіз болуы және өндірудің төменділік сапасына байланысты.

Прокурорлар жеңіл-желпі заң бұзу жазасының да жауапкершілігі жеңіл болғанын құптайды. Айта кетерлігі еліміздің жолдарындағы айыппұлдың ең кемі 3 айлық есептік көрсеткіш. Бұл шамамен 6 мыңға жуық. Шамалап айтуымыздың себебі елде айлық есептік көрсеткіш те ай санап өзгереді. Қоғам белсендісі Руслан Лазута өркениетті елдерде халық табысы бізден жоғары болғанымен, кей айыппұлдары бізден арзан екенін айтады. Және олар тұрақты, еш көрсеткішке байланбаған. Еуропада тек мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына себепкер болғандар бізден артық төлейді. Есесіне бізде 50 пайыздық жеңілдік бар. Бірақ Руслан бұл мүмкіндікке де күмәнмен қарайды.

Руслан Лазута, Қарағанды қаласының автоәуесқойларға көмек беру ұйымының төрағасы:

Менің түсінігімде бұл мемлекетке берілетін заңдастырылған пара. Әрине, тиімді ұсыныс, бірақ. Мен депутаттың, министрдің жүргізушісін айтып отырған жоқпын, айына 60-70 мың теңге табысы бар қатардағы азаматқа, мысалы ең кең тараған 10 айлық көрсеткіш айыбы – 20 мыңның жартысы 10 мың теңге қомақты ғой. Төмендету керек, сөзсіз.

Төмендету керек, бірақ төмендей ме? Өмірін жол жанжалдарын реттеуге арнаған жігіт, депутаттардың кезекті бастамасы, келе жатқан саяси науқанның тәп-тәуір бағдарламасы дейді. Қалай болғанда да, көп сөзден түйін шығып, айыппұлдар шегерілсе, халықтың да мойнынан жүк түсер еді. Тек сен, иә сен, жүргізуші, өзің мен жолаушыларыңның амандығы жол инспекторына емес, өзіңе керек екенін түсінсең болды.

Азамат Алдоңғаров «Біздің уақыт».