Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауылдағыларға «күрек»...

  • AstanaTV
  • 26 желтоқсан 2015
  • 1010

Нұр Отан партиясы мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі маңызды меморандумға қол қойды. Ауыл адамдарын жұмыспен қамту  жоспарын бірлесіп атқармақ. Егжей-тегжейлі Берік Хасенов баяндайды.  

Ауылда жұмыссыздықты төмендетіп, кәсіпкерлікті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. «Нұр Отан» партиясы мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрлігі «Ауылдағы жұмыспен қамту» жобасын бірлесіп жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат мемлекет басшысының халықты еңбекпен қамту тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынған.

Аталған Меморандумды жүзеге асыру аясындағы ынтымақтастықтың басты мақсаты – тұрақты жұмыс орындарын ашу, шағын отбасылық кәсіпкерлікті дамыту. Сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылық негізінде ұсақ тауарлық өндіріске жеңілдікпен шағын несие беру болып табылады. Жоба аясында ауыл тұрғындарына 6 миллион теңгеге дейін 5 жыл мерзімге төмендетілген пайызбен берілмек. Партия келер жылы жобаны алдымен  5 облыста іске қоспақ. Ол - Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары.

Асқар Мырзахметов,«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші Орынбасары:

Өздеріңіз білесіздер, әлемдік дағдарысқа байланысты Елбасы Үкіметтің алдына, жергілікті биліктің алдына, жалпы қоғамның алдына қандай міндетті жүктеп отырғандығын. Ол - барынша жұмыссыздыққа жол бермей, әсіресе ауылдық жерлерде халықты жұмыспен қамту. Осыған байланысты Үкіметтің тарапынан да біршама жұмыстардың атқарылып жатқандығы, қабылданып жатқан шешімдер де білгілі. Осы айтылып жатқан жұмыстардың аясында біз Елбасының тапсырмасын ескере отырып, бірнеше жобаны қарадық. Қарай келе көзіміз жетіп отырғандығы ауылдық жерлерде шағын отбасылық кәсіпкерлікті қолдау, соны дамыту жобасы.

Партия төрағасының бірінші орынбасары жаңа бастаманың сәтті түрде жүзеге асатынына сенімді. Өйткені бұл жоба 2014-2016 жылдары Оңтүстікте іске асырылған бағдарламаны негізге алып отыр. Ол қолға алынғалы аймақта 26,4 мың тонна ет, 13,2 мың тонна сүт өндірілген. Ең бастысы 11 мыңдай жұмыс орны ашылған. Бұл жобаның бірқатар артықшылықтары бар. Атап айтқанда, отбасылық кооперация мен ауылда өндірілетін өнімді тиімді жылжытудың логистикасын дамытуы.

Тамара Дүйсенова, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Біз егер осы күнге дейін жеке тұлғаларға несиені өз ісін ашуға немесе шағын бизнесін дамытуға беріп келдік. Енді «Нұр Отан» партиясымен бірігіп, осы жоба арқылы адамдарды шағын қожалықтар ашуға ынталандыратын боламыз. Екіншіден, ауылдардағы азды-көпті малы бар азаматтарды кооперацияларға бірігуге шақырамыз.

Қазақстандықтардың 43 пайызы ауылда қоныстанғандықтан оларды жұмыспен қамту қиындық тудырып тұрғаны жасырын емес. Ал Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев  дағдарыс тұсында халықты жұмыссыз және табыссыз қалдырмауды қадап тапсырып отыр- деді Асқар Мырзахметов.

Асқар Мырзахметов - «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Қай жағынан алып қарасаңыз да қойып отырған талаптарға сай екеніне көзіміз жетіп отыр. Халықтың жартысы ауылдық жерлерде тұрады. Ал енді ауылдық жерде тұрып жатқан біздің азаматтардың, жерлестеріміздің қандай проблемасы бар екені де белгілі. Бүгінгі қол қойылайын деп отырған құжат осы проблемаларды жүйелі түрде, көлемді түрде шешуге септігін тигізетін болады.

Партияның ұсынған жобасы Үкіметте талқыланып, толықтай мақұлданды және ағымдағы міндеттерді іске асыруда тиімді тетік  болмақ. Министрлік республикалық бюджетте көзделген қаражатты жергілікті атқарушы органдарға уақытылы аударады.

Тамара Дүйсенова, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Жалпы несиені таратушы оператор ретінде - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» таңдалды. Несие ставкасы 6 пайыздан аспайды. Алғашқы айларда жеңілдетілген төлеу тәртібі де бар. Негзгі мәселені жер-жерлерде құрылған комиссия қарап анықтайды. Қызығушылық танытқан тұрғындар әкімдіктің тиісті бөлімінен барып білулері керек.

Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты қаржылық ұйымдар да арзандатылған несие ұсынады. Бірақ олардың қатаң талабын ауылдағы қарапайым тұрғындардың орындай алуы екіталай. Мысалы, «шаруашылықта бордақыланатын мал 25 бастан кем болмау керек» деген секілді шектеулері бар. Ал партия ұсынған «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасында ондай кедергілер жоқ, керісінше жалпыға бірдей қолжетімді.

Асқар Мырзахметов - «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Біздің мақсатымыз ауылды жердегі, оның ішіндегі отбасылық болғаннан кейін ол жерде кепілдікке байланысты қойылатын шарттар жеңілдетілген. Екінші деңгейдегі банктар сияқты қалада квартираң болсын деген ондай жоқ. Ауылды жерде қандай мүліктің бар екенін  білеміз, ең бастысы сол жердегі жергілікті әкімдердің солардың пікірі, содан кейін өзінің өтінішін беріп отырған адамның өзінің ынтасы сол бизнеске байланысты өзінің қабылеті ең бастысы осы.

Белгілі болғандай бұл жобаға әзірге 11 млрд теңгеге дейін бөлініп отыр екен. Ол қаржыға бірінші кезекте  мал бордақылайтын шағын орындар ашу жоспарланған. Сонымен қатар, ауылдағы халықтың өздері өндіретін сүт, ет, жем-шөп және тағы да басқа тауарларын өткізіп,  нәпәқасын табудың жолдары қаржыландырылмақ. Бұл жобаны жүзеге асыруға өнім өндірушілерге ешқандай қатысы жоқ саудамен айналысатындар қатыстырылмайды.

Асқар Мырзахметов - «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Қаңтар айының ондарында Оңтүстік Қазақстан облысында жаңағы облыстардың барлығын, тиісті мамандардың барлығын жинап, үлкен семинар-кеңес өткізгелі отырмыз. Сол семинарда да құр айтып қана қоймай, Оңтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатықанын айттық. Яғни аудандарға барып, қалай атқаралып жатқанын, қандай мәселе туындағанын оның қалай шешілгенін сол жерде айтатын боламыз.

Партия қолдағы барлық ресурстарды, оның ішінде мәслихаттардағы партия фракцияларын, бастауыш партия ұйымдарының төрағаларын өзара іс-қимыл үшін жұмылдырады. Жобаны іске асыру барысында жұмыспен қамту саласындағы қолданыстағы заңнаманы, оның ішінде  «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасын жетілдіру және ауылдық жерлердегі шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұсыныстар енгізу жоспарланып отыр.

Берік Хасенов,  «Біздің уақыт».