Русский Сайттың толық нұсқасы

«Барыс» командасы Мәскеудің «ЦСКА» клубын ұтты

  • AstanaTV
  • 30 желтоқсан 2015
  • 1432

«Барыс» командасы жылды жеңіспен шығарып салды. Биылғы соңғы кездесуін Мәскеудің «ЦСКА» клубымен өткізген Андрей Назаровтың шәкірттері 4-3 есебімен басым түсті. Кездесу басынан қонақтар қақпасына тап берген айдын иелері 3-0 есебімен алға шықты. Алдымен Роман Савченко командасын алға шығарса, келесі сәттерде Роман Старченко мен Мартен Сен-Пьер командаластарының қошеметіне бөленді. Қарымта шабуылға шыққан «ЦСКА» хоккейшілері Барыстың қақпасына екі шайба соғып, есепті қысқартты. 


Бірақ қонақтардың қуанышы көпке созылмады. Үшінші кезеңде Майк Ландин мергендігімен танылып, есепті 4-2-ге жеткізді. Қалған уақытта ресейлік клуб есепті тағы қысқартқанымен, одан артыққа шамалары келмеді. Қорытынды есеп - 4-3, «Барыс» командасының пайдасына. Бұл жетістігінен кейін 64 ұпай жинаған Андрей Назаров шәкірттері турнир кестесінің 7-ші сатысына көтерілді. Мешін жылындағы алғашқы кездесуін елордалық ұжым Ханты-Мансийск қаласының «Югра» клубына қарсы өткізеді. 

Роман Старченко, «Барыс» клубының шабуылшысы:

Біз үшін әрбір ұпай маңызды. «ЦСКА» клубы - тәжірбиелі ойыншылардан жасақталған мықты ұжым. Кездесу тартысты өтті. Оның үстіне мейрам алдында жанкүйерлерді қуантайық деп, аянып қалмадық. Біз тек 31 желтоқсан күні демаламыз. Одан кейін бірден жаттығулар басталады. Өйткені алда маңызды ойындар күтіп тұр.