Русский Сайттың толық нұсқасы

2015 жылы қазақстандық спорт сүйер қауым үшін де есте қалар оқиғалар көп болды

  • AstanaTV
  • 31 желтоқсан 2015
  • 1708

Биыл қазақстандық спорт сүйер қауым үшін де есте қалар оқиғалар көп болды. «Астана» командасы Қазақстан футболы тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтті.  Алда - Олимпиада жылы. Атлеттеріміз Рио-де-Жанейродағы ойындарға спорттың 10 түрінен 45 лицензия ұтып алды. Бұл Лондон Олимпиадасына алған лицензиялардан әлде қайда көп.

Екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильин Рио-де-Жанейродағы Олимпиадада Қазақстан қоржынына «алтын саламын» деп уәде берді. Илья сөзіне берік зілтемірші. Айтса, орындайды. Өйткені ол - әлемде әзірге 437 келіні бағындырған жалғыз батыр. 

Илья Ильин, ауыр атлетикадан екі дүркін олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы:

Менің жұмысымның нақты көрсеткіші бар. Ол - әлемдік рекорд 437 келі. Осы нәтижеге қарай алтын медаль ала аламын.

Ольга Рыпакова атындағы спорт кешенінде олимпиада чемпионы жаттығуды бастаған. 2016 жылғы басты бәсекеге қызу дайындық қажет дейді. Сонымен қатар, Риодағы Олимпиадада өнер көрсететін бәсекелестерінің бабын назарда ұстап жүргенін жасырмады.

Ольга Рыпакова, жеңіл атлетикадан олимпиада чемпионы:

Басты назарда - Рио де Жанейродағы Олимпиада ойындары. Дайындық жаман емес, барлық күш-жігерді салып жатырмыз. Мақсат - барынша жақсы нәтиже көрсетіп, финалға жетіп, жеңіс тұғырынан көріну.

Лондон Олимпиадасында жарқын өнер көрсетіп, жеңіске жеткен Александр Винокуров, «Астана» велокомандасының бас менеджері бола жүріп, өзінің ізбасарын дайындауда. Ол - 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы Алексей Луценко. Жас спортшы Риода жерлесінің жетістігін қайталаудан үмітті.

Алексей Луценко, «ASTANA PROTEAM» командасының велошабандозы:

Өзіме деген сенім пайда болды. Талай жарыстарда азулы қарсыластарын жеңген командаластарым менің болашағыма сенеді.

Лондон Олимпиадасындағы жетістікті қайталау Қазақстан құрамасына қиынға соғар, бірақ үміт үзуге болмайды.  Жалпы қорытынды бойынша олимпиада ойындарында тек 12-ші орынға көтеріліп көрді. Спортқа жауапты шенеуніктер  болжам жасаудан аулақ. Спорттың 10 түрінен 45 лицензия қолда. Ал, жоспар бойынша кем дегенде 110 лицензияны иеленуіміз керек.

Тәуелсіз елдің тарландары талай байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырына  көтерілді. Сүрінген спортшылар да болды. Бірақ, жығылмай, жеңістің дәмін татпайтының анық. Өтіп бара жатқан жылға өкпе жоқ. 2016 жылда да баһадүр спортшыларымыз бәсекелестерінен биік тұратынына сенеміз.

Берік ХАСЕНОВ