Құрлықтық
хоккей лигасында сынға түсіп жатқан елдордалық «Барыс» командасы тағы да үздік
шықты. Бұған дейін Подольск қаласының «Витязь» клубын жеңген Андрей Назаровтың
шәкірттері Мәскеудің «Динамо» хоккейшілерін
2-1 есебімен ұтты.
Кездесудің
негізгі уақыты 1-1 есебімен тең аяқталған. Айдын иелері сапында қорғаушы Майк
Ландин мергендігімен танылса, қонақтар сапында Юусо Хиетанен әріптесінің пасын
голға ұластырды. Овертаймда жеңімпаз анықталмағандықтан, командалар буллит
сериясында бақ сынады. Бұл лотереяда жолы болған «Барыс» клубы 2 ұпайды
олжалады. Жеңіс голының авторы - Найджел Доус. Келесі кездесуін қазақстандық
ұжым Словакияның «Слован» клубына қарсы өткізеді.
Андрей
Назаров,«Барыс»
клубының бас бапкері:
Жігіттерді
жеңіспен құттықтаймын. Кездесу мереке күні өткендіктен, жауапкершілікті жақсы
түсіндік. Қорғанысқа көп көңіл бөлдік. Ойын жоспары өз нәтижесін беріп, жеңіске
жеттік. Тағы да барлық қазақстандықтарды үлкен мерекемен құттықтаймын!
Самат ҚАНАҒАТОВ