Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралудың «орамдары»...

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2015
  • 1448

Көші-қон туралы заңға президент қол қойды. Бұл заңның бір кілтипаны туралы жыл басында айтқанбыз. Үкімет шеттен келетін қандастарымыздан сотталмағаны туралы құжат әкелуді міндеттеген. Қытайда мұндай анықтама ерекше бір жағдайда болмаса, берілмейді. Олар онсыз да, сотталған, қылмыстық іске қатысы бар адамға төлқұжат рәсімдемейді. Елден шығармайды деген сөз ғой. Аталған заңды талқылау барысында бұл талаптың логикаға сыймайтынын белсенді топ өкілдері дәлелдеді. Тіпті еліміздегі қытай елшілігінен комментарий сұратып, олар ресми хатпен растады. Бірақ. Бірақ норма өзгерген жоқ. Айыбы жоқ болса да, айыптыдай күйіп жүргендердің -қарар ма, қаулы ма, әйтеуір қосымша нормативпен  қытайдан көшіп келетіндерге әлгі талаптың қойылмайтынын реттей ме- деген үміті бар. Әйтпесе әлгіндей құжатты қытайлар жоғары лауазымды қызметкердің сұрауы бойынша жеке өзіне береді, ал біздің жоғары лауазымды қызметтегілер қытайға қайта-қайта шапқылай берсе, мемлекеттік маңызды істермен кім айналысады? Сондықтан бұл жерде «ойлағанымыз» мемлекеттік маңызды іспен шұғылданатындар, солардың «мазасын алмау»... Тақырыпты азамат алдоңғаров жалғастырады. 

Бейнероликтен үзінді:

Балам, ана жаққа қарашы. Ол жақта сенің туған елің бар, отаның бар. Енді ол тәуелсіз қазақстан деп аталады. Оның президенті нұрсұлтан назарбаев деген кісі...

Қазақия елі тәуелсіз болып, шекара ашылып, іргеміз жақындаған сәтте атажұртқа деген сағынышы жетелеп, қатарға қосылған қазақтың ұзын саны бүгін бір миллионды асып жығылыпты. 25 жылда ұлы көш небір күнді бастан кешірді. Өсім барда өріс кеңіді, тоқырау жылдары тоқтау байқалды. Бірақ көш, бір үзілген емес-ті.

Ауыт Мұқибек, ақын:

Қр 91 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялағаннан кейін небары 15 күн өткенде елбасы, нақтылап айтсам 31 желтоқсан, жаңа жылдан соң алыста жүрген ағайынға «ақ тілек» деген тілегін жолдаған болатын «қазақ радиосы» арқылы. Ертең сол «егеменді қазақстан» газетінде қаулы қабылдағанын, алыста жүрген ағайынды атажұртқа шақырғанын ашық айтқан болатын.

Шу бейнеролик: Қазақстан республикасы кеңестер одағының құрсауынан босанып, дербес мемлекетілігін жариялады.

Қуаныштың қызуымен, алғашқылардың қатарында атажұртқа ат басын бұрған ауыт ақын мұқибектің айтып отырған, президенттің «ақ тілегі» басылған егемен елдің газеті осы. Қиырда жүрген қалың қазақ қайта-қайта үңілді. Олардың санасында бір үміт, бір күдік бар еді. Десе де, атажұрттан енді тысқары жата алмады. Жүгін жиып, көшке ілесті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан республикасының президенті 2002ж.,(Түркістан):

Әр ұлттың халқын бауырымызға басып үйренген халықпыз, ал енді шет елден көшіп келеміз деген өз қазақстарымызды бауырымызға баса алмаймыз ба сонда?

Қытай жерінде өскен бала қабиденге ағасы ыдырыстың үйден, бөтен елге кетуі сол кезде жұмбақ көрінген-ді. Сол жұмбақтан туындаған сауалдар кейін санамда саңылау ашты- дейді, қабиден

Қабиден Қуаныш:

Ыдырыс деген ағам 97 жылы қазақстанға кеткенін білемін. Әкемнен сұрағам: ыдырыс ағам қайда кетті? -  деп, алматыға кетті. Алматы ол қай жер – деп сұрап едім, әкем – қазақстан – деді. Сосын шешемнен сұрап едім, атаң мен әжеңнің туған жері, деді. Осы бір-екі ауыз сөздер.

Ата-ананың қысқа қайырған екі ауыз сөзі баланың «стан» жалғауы бар, бірақ түбірі қазақтан тарайтын елге деген қызығушылығын арттырды. Оның үстіне араға жылдар салып, ауылға демалысқа келген ыдырыс ағасы оған қазақстанның әліпбиін әкеледі. Оқыған, естіген, тоқыған мәліметтерін сәйкестендіре отырып, қабиден нағашыларының өзін «сатқын арғын» деп қайрауының сырын ашады.

Қабиден Қуаныш:

Нағашыларым маған әзілдейтін: қашқын арғын, жалғыз арғын, қайдан жүрсің? Қайдан жүрмін деген ой сол кезден сап ете түсті. Сол өршиді ғой, кеудеңді тырмалайды. Қайдан жүрмін, неге қашқын?

Қабиденнің үлкен атасы сұм саясаттың кесірінен ағайын алтай асқанда, тұтқындалып, туған жерде қалып қояды. Соны білетін нағашылары болар баланы кішкентайынан қайрады. Ес жиғанда елге қайтуына итермелейді.

Қабиден Қуаныш:

Менің елім қайда, менің жерім қайда? Бұл кімнің жері, бұл кімнің елі, мен қайда жүрмін, не істеп жүрмін деген ойлардың арқасында, ыдырыс ағамның кеткені бар, кітаптағы қазақстан жайлы ақпараттар бар. Соның барлығы санамды ашты.

Қабиден мектеп бітірісімен, ағасының ізімен қазақстанға тартты. Жоғары білім алып, магистр атанып, бүгінде отбасын құрып, аяқтанған. Оның басынан өткен драмалық сценарийге ұқсас желімен елге келген қандастар көп. Бірақ олардың көбі келіп алып, құжат рәсімдей алмай, жүріп қалған кездері де болды. Екі мың он бестің 25-ші қарашасында қазақстаннан қиырға тағы бір жағымды жаңалық тарады: назарбаев елдің көші коны туралы заң жобасына енгізілген оң өзгертулерін бекітті.

Тамара Дүйсенова, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі (14.10.2015 ж.):

¤

Бір жылдың ішінде оралман мәртебесі туралы куәлік беріледі. Екінші, осы бір жылдың ішінде қазақстанның азаматтығын ала алады. Үшіншіден, егер этникалық қазақтардың балалары қазақстанға келіп оқып жатқан болса, оларға азаматтық беру мәселесі де жеңілдетіледі. Төртіншіден, куәлікпен бірге иин де бірге беріледі де, сол куәлік зейнетақы алу үшін, жалпы әлеуметтік көмекке қатысты мәселелердің барлығын шешеді.

Бірақ заңның кілтипан тұсы қалып қойды. Ол – сотталып-сотталмағаны туралы анықтама талап етіле бермек. Ал қытайда ондай анықтама оп-оңай беріле салмайды. Ерекше жағдайларда ғана. Оның үстіне сотталған адамға олар төлқұжат рәсімдемейді, шетелге шығармайды. Яғни қылмыстық іске қатысы бар адам аттап баса алмайды.

Қабиден Қуаныш:

Мен мысалға қытайда сотталған болсам, мені қытайдан ешқай мемлекетке аттап шығармайды. Жетеді қытайда, миллиардаған халық бар.  

ҚХР қоғам қауіпсіздігі министрлігінің бұйрығының шарты мынадай: 

Анықтама талап еткен орынның тексеру өкілеттігі бар құзыретті адамы арнайы қызметтік куәлігімен және аталған мекемелердің арнайы қатынас хатымен келген жағдайда ғана мәлімет берілуі мүмкін. Ал, аталған анықтама жеке тұлғаның өз қолына бұдан былайғы жерде ешқашан берілмейді»!  Яғни соттылық туралы анықтама жоғары лауазымды адам сұрап барса ғана беріледі. Ал мемлекеттік маңызды шаруалармен айналысып отырған жоғары лауазымды адамдар әрбір оралман үшін қытайға шаба бере ме? Бұл жерде шенеуніктер оралмандарды ойламаса да, өздерінің жайын ойлауы керек ғой? Сонда «мемлекеттік маңызды істер» қайда қалады?

 Дыбыстық қыстырма 

Мұндай кілтипандардың көшті тоқтата алмайтыны қуантады. Жаңа заңның сиясы кеппей, атажұртқа тарқандардың бірі - ұланбек.

Ұланбек Нұрғалым:

Бір кезде саясаттың жақсы кезінде, азаматтықты тез алатын, құжат тез шығатын кезінде үлгеріп келе алмай қалдық. Одан кейін бір мезгіл қиындасып кеткенменен, азаматтықты 3-4 жылда беретін болды деген қиындап кетуге байланысты бірнеше жыл тосылып қалдық. Сосын осы жақта ұларбек бауырым бар болатын.

Ұланбек Нұрғалыммен бұл жаққа 2004 жылдары келгем. Наурызда, салт бас сабау қамшы демекші, бір өзіміз келдік.  Одан оқуға түстім. Шымкентте, алматыда, астанада оқыдым. 2009-дан бері астанада тұрып жатырмын. Енді бізде осы жақтың азаматтарында да бар ғой негізі, сол жақтан ел келсе деген. Бірақ бізде әсіресе туысқандарымызды жеткізіп алсақ деген қосымша уайымымыз бар, жұмысымыздан, жеке басымыздан тыс сондай уайым қатар жүреді.

Інісі ұларбектің араласуымен елге келген ұланбек отбасымен жездесінің шаңырағын уақытша паналап отыр. Қазір құжат жағын реттеп жатқан жайы бар.

Ұланбек Нұрғалым:

Жай тіркеуді істетіп болдық. Енді тұрақты тіркеуге әлі құжаттарды жиып жатырмыз. 15-16 түрлі құжат бар екен. Соның 7-8 дайындап болдық. Енді 4-5 ғана қалды. Алла бұйыртса, осы аптаның соңында тұрақты тіркеуге жолдатамыз ба деп отырмыз. Әсілі алуға болатынға ұқсайды.

Ұланбек Нұрғалым:

Ең бастысы құжаттың мәселесі ғана ғой. Құжат мәселесі шешілсе қалған тірлікті осы жұртпен бірге көріп кетеді. Сонымен осы заң мәжілістен өтті, сенаттан өтті сонымен елбасы қабылдайды деген сенім өте күшті болды. Былайша айтқанда 95-100 пайыз сеніп отырдық десек болады.

Шынымен, ең бастысы көштің үзілмеуін қамтамасыз ететін заң бар. Ал тұрмыстың жайын, көптеп-көмектеп те реттеуге болады. Жол жүгінің жібін шешіп үлгермеген ұланбекпен әңгімелесуге келгенде, жездесінің ата-баба салтынан айнымай, жасап жатқан ерулігінің үстінен түстік.

Бата беру:

Келген туыстарымыздың қонысы құтты болсын. Көк аспанымызда мәңгі көк туымыз желбірей берсін. Елімізге амандық берсін, халқымызға тыныштық берсін. Алла жарылқасын. Аллаху акбар!

Азамат Алдоңғаров, Самат Орынбаев, «Біздің уақыт».